Олжас Бектенов денсаулық сақтау жүйелерін цифрландыру жұмыстарының барысын тексерді

10.09.2026 20:03 Қарақат АСЫЛОВА
Олжас Бектенов денсаулық сақтау жүйелерін цифрландыру жұмыстарының барысын тексерді
136
Фото: ҚР Премьер-министрнің ресми баспасөз агенттігі

Қазақстанда денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмыстары қарқын алып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Премьер-министр Олжас Бектенов медицинадағы цифрлық жүйелерді дамыту мәселесіне арналған кеңес өткізіп, жасанды интеллектіні қолдану бағытындағы жобалармен танысты.

Жиын барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медициналық ұйымдар мен мамандар туралы деректерді бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Қазірдің өзінде 21 мыңнан астам медициналық ұйым, 221 мың медициналық техника және 257 мың медицина қызметкері туралы ақпарат цифрландырылған.

Жүйелерді біріктіру нәтижесінде медициналық ақпарат базасынан 1,4 млн рецептке қатысты 400 мың ескірген пациент картасы жойылған. Бұл шамамен 31 млрд теңге көлеміндегі негізсіз шығынның алдын алуға мүмкіндік берген.

Сонымен қатар медициналық қызметтерді негізсіз пайдалану 7,1%-ға, яғни шамамен 7 млрд теңгеге азайған. Ал заң бұзушылықтарды анықтау тиімділігі 3,5 есеге артқан.

Бұдан бөлек, цифрлық бақылау кезінде медициналық қызмет көрсетуге лицензиясы жоқ 38 ұйым анықталған. Олардың 27-сінің жұмысы тоқтатылған. Сертификатының мерзімі аяқталған 2 188 медицина қызметкері де уақытша жұмыстан шеттетілген.

Денсаулық сақтау жүйесін ішкі істер органдарының ақпараттық жүйелерімен біріктіру арқылы көлік жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімі бар азаматтар да анықталып жатыр. Нәтижесінде қазірдің өзінде шамамен 10 мың жүргізуші куәлігінің қолданылуы тоқтатылған.

Медицина саласында жасанды интеллектіні қолдану да кеңейтілмек. Қазір ЖИ көмегімен КТ, МРТ және маммография нәтижелерін талдайтын телерадиология жүйесі ел бойынша 400-ден астам медициналық ұйымды қамтиды. Бұл диагноз қоюға кететін уақытты төрт еседен астам қысқартуға мүмкіндік берген.

Сондай-ақ шалғай елді мекен тұрғындары үшін телемедицина қызметтері дамып келеді. Жыл басынан бері 1 млн-нан астам телеконсультация өткізілген. Қашықтан медициналық қызмет алғандардың саны 2,1 млн адамнан асқан. Олардың 39%-ы ауыл тұрғындары.

Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінуде. Қазір Шымкент пен Жамбыл облысында жедел жәрдем қызметкерлеріне смарт-бейнежетондар енгізіліп жатыр. Қауіп төнген жағдайда құрылғы полицияның жедел басқару орталығына автоматты түрде белгі бере алады.

Жобаны жыл соңына дейін еліміздің басқа өңірлеріне де енгізу жоспарланған. Нәтижесінде бейнежетондармен 2,1 мың жедел жәрдем бригадасы және 3,8 мыңнан астам медицина қызметкерін қамту көзделіп отыр.

Ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтарға скринингтен өту қажеттілігі туралы автоматты хабарламалар жіберу жоспарланған.

Жиын қорытындысында Олжас Бектенов денсаулық сақтау саласындағы барлық ақпараттық жүйені біріктіріп, цифрландыруды одан әрі жалғастыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл медициналық қызметтердің сапасын арттырып, шығындарды оңтайландыруға және азаматтарға көрсетілетін қызметті жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Войдите, чтобы оставить комментарий