Олжас Бектенов жаңа Конституцияның бизнеске қандай пайда әкелетінін айтты
Премьер-министр Олжас Бектенов «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында кеңейтілген жиын өткізді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бектенов мұнай-газ, энергетика, тау-кен металлургия және ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесіп, кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылады. Жиын барысында салық реформалары, бизнесті қолдау және ақпараттық жүйелерді цифрландыру жайы сөз болды. Премьер-министр кәсіпкерлердің экономикалық реформаларды жүзеге асырудағы басты серіктес екенін атап өтті.
Кездесудің басты тақырыптарының бірі конституциялық реформаға арналды. Олжас Бектенов қазіргі уақытта қоғамда жаңа Конституция жобасы қызу талқыланып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, жарты жыл ішінде азаматтардан мыңдаған ұсыныс түскен және олардың барлығы ескерілуде.
«Біз сіздермен тарихи маңызы бар сәтте кездесіп отырмыз. Еліміздің жаңа Конституциясының жобасы халыққа ұсынылды, басты мақсат – егемендігімізді, Тәуелсіздікті нығайту. Барлығыңызды Президентімізді және жаңа Конституцияны қолдауға шақырамын. Сіздердің қарамақтарыңызда мыңдаған азамат жұмыс істейді. Олардың әрқайсысына реформа міндеттерін дұрыс жеткізу маңызды», – деді Олжас Бектенов.
Жаңа Конституция жобасында Мемлекет басшысының «Заң және Тәртіп» қағидаты мен «Әділетті Қазақстан» құру идеясы негізге алынған. Премьер-министр әділдік пен заңдылық қағидаттарын конституциялық деңгейде бекіту мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді нығайтып, ұзақмерзімді әріптестік орта қалыптастыратынына сенім білдірді.
Соңғы жаңалықтар