«Өміріміз тозаққа айналды»: Павлодарда ана көршісінен қорқып үйден шыға алмай жүр (ВИДЕО)

15.04.2026 19:42 Қарақат АСЫЛОВА
«Өміріміз тозаққа айналды»: Павлодарда ана көршісінен қорқып үйден шыға алмай жүр (ВИДЕО)
586
Видеодан кадр
Павлодарда көрші есікті теуіп, әйел мен баланы әбігерге салды

Павлодар қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде көршісінің үстінен шағымданып, оның отбасының тыныштығын бұзғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz сайты Tengrinews.kz сілтемемен.

Әйелдің айтуынша, көршінің агрессивті әрекеттері олардың өмірін «тозаққа айналдырған». Ол алты жастағы ұлымен бірге Павлодарға қоныс аударғанын, баласына аутизм спектрі бұзылысы диагнозы қойылғанын айтты. Бала қалада ем қабылдап жүр. Анасы жаңа жерде тыныш өмір сүреміз деп үміттенген, алайда жағдай керісінше болған.

«Қыркүйекте баламмен Павлодарға көшіп келдім. Содан бері өміріміз тозаққа айналды», – деп жазды ол.

Әйелдің сөзінше, көршісі бастапқыда түнде шу шығарып, баланы қорқытқан. Полицияға жүгінгеннен кейін оның мінез-құлқы одан сайын ушыға түскен. Айтуынша, шу үшін айыппұл салынған соң, ер адам күндіз де қатты айқайлап, есікті ұрып, еденді тарсылдатып жүрген.

«Үнемі есікті соғып, айқайлайды. Пәтерден шығуға қорқамын», – дейді ол.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеода ер адамның металл есікті ұрып, балағат сөздер айтып, лифт жаққа барып қайта келіп, әдепсіз қимыл көрсетіп, агрессивті әрекеттерін жалғастырғаны көрінеді.

Павлодар облыстық полиция департаменті бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, ер адам анықталып, полиция бөліміне жеткізілген.

«14 сәуір күні пәтер иесімен жүргізілген әңгімеден кейін ер адам үйден шығарылды. Оған қатысты ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», – деп хабарлады полиция.

Сондай-ақ, оның бұған дейін де екі рет тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий