«Өнер адамдары клоун емес!»: Айгүл Иманбаева мәлімдеме жасады
Танымал әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева PhD дәрежесін алу мақсатында докторантураға емтихан тапсырғанын хабарлады, деп хабарлайды Politico.kz.
Өнер иесі бұл шешімі туралы әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, қоғамдағы өнер адамдарына қатысты қалыптасқан теріс көзқарастарға тоқталды.
«Қоғамда қалыптасқан өте қате, теріс түсініктер бар. Әртіс — білімсіз, әртіс — клоун дейді. Бұл өте дұрыс емес ұғым. Мен өзім оқығанды, ізденгенді жақсы көремін. Төрт дипломым бар. Докторантураға тапсыру себебім — 20 жылдық педагогикадағы жұмыс өтіліммен зерттейтін дүние өте көп», — деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар әнші өнер саласы өкілдерінің қоғамдағы орны мен миссиясы ерекше екенін айтып, мақсатын тек атақ алумен байланыстырмайтынын жеткізді.
«Өнердің қоғамдағы қызметі өте маңызды. Өнер адамдары жер дауы, ел дауы болғанда алдыңғы шөпке лақтыратын клоун немесе ақымақ адамдардың қатарында емес. Қоғамда айтары бар, атқаратын міндеті, алып жүретін миссиясы бар мамандық иесі. Ол үшін тек оқу керек, даму керек. Мен доктор деген аты үшін ғана оқымаймын, артымда қалдыратын дүние болғанын қалаймын», — деп түйіндеді Айгүл Иманбаева.
Соңғы жаңалықтар