Қазақстан Pinduoduo мен Claude әзірлеушісінен 8 миллиард теңге салық өндіріп алды
Қытайлық Pinduoduo платформасы мен Claude жасанды интеллект ассистентін әзірлеген америкалық Anthropic компаниясы Қазақстан бюджетіне жалпы сомасы 8 миллиард теңге аударды. Бұл қаржы шетелдік интернет-платформаларды салықтық әкімшілендіру шаралары аясында түсті, деп хабарлайды Politico.kz.
Ведомство мәліметінше, аталған компаниялар бюджетке төмендегідей сомаларды аударған:
Pinduoduo: Бюджетке 6,8 миллиард теңге (шамамен 15,1 миллион доллар) салық төледі.
Anthropic, PBC (Claude ЖИ әзірлеушісі): Өткен салық кезеңдері үшін 1,2 миллиард теңге (шамамен 2,6 миллион доллар) аударды.
Мемлекеттік кірістер комитеті Anthropic компаниясы камералық бақылау нәтижесі бойынша жолданған хабарламалардың талаптарын толық орындағанын нақтылады. Осылайша, екі шетелдік компаниядан бюджетке түскен жиынтық түсім 8 миллиард теңгені құрады.
Сонымен қатар салық органдары Қазақстан заңнамасына сәйкес, салықтық міндеттемелерін орындамаған шетелдік платформалардың интернет-ресурстарына қолжетімділік шектелуі мүмкін екенін ескертті.
Мұндай заңды шара Ұлыбританияда тіркелген Farfetch халықаралық сауда алаңына қатысты қолданылды. Камералық бақылау нәтижесі бойынша жолданған хабарлама талаптары орындалмағандықтан, Farfetch платформасының Қазақстан аумағындағы жұмысы шектелді. Аталған сервис әлемдік брендтердің киімдері мен аксессуарларын онлайн сатуға мамандандырылған.
Мемлекеттік кірістер комитеті салық заңнамасының талаптарына бағынбайтын және бюджет алдындағы міндеттемелерін орындамайтын басқа да шетелдік интернет-платформаларға қатысты осындай қатаң шаралар қолданылатынын баса айтты.
Соңғы жаңалықтар