«Оны қатты жақсы көрдім»: Шерхан Аймахан сотта соңғы сөзін сөйледі
11 тамыз күні Шымкенттің мамандандырылған ауданаралық сотында Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысы өтті. Айыпталушы Шерхан Аймахан өзінің соңғы сөзін айтып, 10 млрд теңге моральдық шығынды төлеуден бас тартты, деп хабарлайды Politico.kz порталы Курсив басылымына сілтемемен.
Сотталушы сөзінің басында марқұмның отбасына көңіл айтты. Ол қызға деген сезімі шынайы болғанын жеткізді.
«Мен болған оқиғаға өкінемін және Нұрайдың ата-анасы мен бауырларынан кешірім сұраймын. Мен Нұрайды өте қатты жақсы көрдім және оған деген сезімім шынайы болды. Өмірімнің соңына дейін өкінетін боламын», – деді Шерхан Аймахан.
Сондай-ақ ол жәбірленуші тарап сұраған 15,7 млн теңге көлеміндегі материалдық шығынды өтеуге келісті. Алайда 10 млрд теңгелік моральдық өтемақыны мойындамады.
«Материалдық шығынды толығымен өз мойныма аламын және болашақта жұмыс істеп өтеуге дайынмын. Ал 10 млрд теңге көлеміндегі моральдық өтемақыны мойындамаймын. Болған оқиғаға өте қатты өкінемін және өмір бойы өкініп өтемін», – деді айыпталушы.
Шерхан Аймахан марқұммен арадағы қарым-қатынасы туралы да сөз қозғады. Оның айтуынша екеуінің сезімі өзара түсіністікке құрылған. Ол 2025 жылдың қазан айында қыздың Алматыдан Шымкентке өз еркімен келгенін алға тартты. Бірақ жәбірленуші тарап пен айыптаушылар бұл нұсқамен келіспейді. Сот барысында бұл жайттар хаттар мен бейнежазбалар арқылы тексерілді.
Қайғылы оқиға болған күні айыпталушы Нұраймен қоштасуға барғанын айтты. Ол қыздан сақинасын қайтарып алмақ болған.
«Мен Нұраймен қоштасу үшін бардым. Оны өлтіру ниетім мүлдем болған жоқ», – деді Аймахан.
Ол пышақты көлігінен кездейсоқ тауып алып, қалтасына салып қойғанын жеткізді. Оқиға кезінде есінен танып қалғанын және жанжалдан кейінгі сәттерді ғана есіне сақтап қалғанын мәлімдеді. Сонымен қатар сотталушы қыздың денесінен табылған 35 пышақ жарақатына күмән келтірді.
«Бейнежазбада жарақат салу сәті шамамен 9-10 секундқа созылады. Ал мұнда 35 рет пышақ ұрды делінген. Осы жайтқа да назар аудару қажет деп санаймын», – деді ол.
Сот-медициналық сараптама Нұрай Серікбайдың денесінен 35 пышақ жарақатын анықтаған болатын. Бұған дейінгі отырыста сарапшы Жанболат Пернебеков олардың орналасуын манекен арқылы көрсетті. Аймахан бұл қысқа уақыт ішінде соншама жарақат салу мүмкін емес деп санайды. Ол психиатриялық сараптама қорытындысымен де келіспеді.
Сот психиатры күдіктінің өз әрекеттеріне жауап бере алатынын растаған. Сот психологы да оның аффект жағдайында болмағанын анықтады. Мемлекеттік айыптаушы Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Төрағалық етуші судья Саммидин Темірәлиев үкім 13 тамызда оқылатынын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, 21 жастағы Нұрай Серікбай биыл 11 қаңтарда көз жұмды. Тергеу мәліметінше күдікті қызды күштеп үйлену үшін алып қашқан. Кейін қыз бас тартқан соң оның соңынан аңдып жүріп, қатыгездікпен өлтірген.
Соңғы жаңалықтар