Оралда түрме бастығының орынбасары ұсталды
Орал қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №170/2 түзеу мекемесі бастығының орынбасары Қайсар Құрмановты ұстады, деп хабарлайды Politico.kz.
«Уральская неделя» басылымының хабарлауынша, ол 100 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.
Құрманов орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде сотталғандармен жүргізілетін жедел жұмысты үйлестірген. Алдын ала мәлімет бойынша, ол сотталғандардың біріне заңсыз қызмет көрсеткені үшін ақша алған болуы мүмкін.
Ұстау операциясын облыстық ҰҚК департаментінің қызметкерлері Құрбан айт мерекесі күні жүргізген. Басылым дереккөздерінің мәліметінше, ақшаны беру фактісі күдіктінің тұрғылықты жерінің маңында болған.
Ұсталғаннан кейін Құрманов тергеу органдарымен ынтымақтастық танытқан. Осыған байланысты сот оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған жоқ.
Тергеу аяқталғанға дейін ол атқарып отырған қызметінен шеттетілді.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысына Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің арнайы тобы келгені белгілі болды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Осы мәселенің анық-қанығын білу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сауал жолдадық. Комитет әзірге жауап берген жоқ.
Соңғы жаңалықтар