Ақтаудағы 13 жастағы баланың өлімінен кейін министрлік өрескел заңбұзушылықтар анықтады

19.07.2026 10:16 Қарақат АСЫЛОВА
Ақтаудағы 13 жастағы баланың өлімінен кейін министрлік өрескел заңбұзушылықтар анықтады
497
Видеодан кадр

Ақтау қаласының тұрғыны Жұлдыз Азанованың 13 жастағы ұлы Исмаилдың өліміне қатысты Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген тексеру медициналық ұйымдар тарапынан бірқатар өрескел заңбұзушылықтарға жол берілгенін анықтады, деп хабарлайды Politico.kz агентігі Lada.kz-ке сілтемемен.

Министрліктің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мәліметінше, ананың шағымынан кейін Ақтау қалалық №2 емханасы мен Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасында тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жоспардан тыс тексеру жүргізілген.

Тексеру нәтижесінде медициналық көмек көрсету барысында ұйымдастырушылық, емдеу-диагностикалық және медициналық құжаттарды рәсімдеу бойынша елеулі кемшіліктер анықталған. Атап айтқанда, қабылдау бөлімінде баланың жағдайына тиісті баға берілмеген, оған төрт рет ауруханаға жатқызудан бас тартылған. Соның салдарынан науқас тек жағдайы ауырлаған кезде ғана кешіктіріліп ауруханаға жатқызылған.

Сондай-ақ, баланың жағдайы күрт нашарлаған кезде міндетті дәрігерлік консилиум өткізілмеген. Медициналық құжаттар талапқа сай толтырылмаған, ал анасының шағымдары мен баланың жағдайы толық көлемде ескерілмеген. Бұдан бөлек, профильді мамандардың қарауына жолдау жөніндегі ұсынымдар да уақытылы орындалмаған.

Тексеру қорытындысы бойынша шағым негізді деп танылды. Медициналық ұйымдардың басшы орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды, ал Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры қызметінен босатылды.

Сонымен қатар, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аталған медициналық ұйымдарға экономикалық ықпал ету шараларын қолданды.

Ақтау қаласының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 317-бабы («Медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы») бойынша қылмыстық іс тіркеді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий