«Орыс тілінен аударыла салған»: Қазақ тіліндегі емтиханға қатысты дау өршіді

22.07.2026 21:37 Қарақат АСЫЛОВА
«Орыс тілінен аударыла салған»: Қазақ тіліндегі емтиханға қатысты дау өршіді
193
Фото: Ұлттық тестілеу орталығы

Қазақстанда жүзден астам медицина резиденті мемлекеттік емтиханнан өте алмай қалды, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі Ulysmedia.kz-ке  сілтемемен.

Қазақстанның бірнеше өңіріндегі медицина университеттерінің жүзден астам резиденті мемлекеттік емтиханның екінші кезеңінен өте алмай қалғанын айтып, оның себебін тест тапсырмаларындағы кемшіліктермен байланыстырды.

Болашақ дәрігерлердің сөзінше, қазақ тіліндегі емтихан сұрақтарының бірқатары түсініксіз аударылған. Сондай-ақ кейбір тапсырмалар өздері таңдаған мамандыққа сәйкес келмегенін алға тартады. Олардың айтуынша, осыған байланысты қазақ тілінде емтихан тапсырған талапкерлер арасында өтпей қалғандар көп болған.

Резиденттердің бірі Нұрсұлтан Тоқтасынның айтуынша, тест сұрақтары орыс тілінен тікелей аударылғандай әсер қалдырған. Оның пікірінше, қазақ тіліндегі нұсқада логикалық сәйкессіздіктер кездескен.

Ал онкология мамандығында білім алып жатқан резидент Әйгерім Еркінбекова емтиханда өз бағытына қатысы жоқ инфекциялық ауруларға қатысты сұрақтар берілгенін айтты. Сонымен қатар радиология мамандығын таңдаған студенттер диагноз қоюға арналған суреттердің сапасы төмен болғандықтан, тапсырмаларды орындауда қиындық көргендерін жеткізді.

Түлектердің айтуынша, емтихан қорытындысында нақты қай сұрақтарға қате жауап бергені көрсетілмеген. Осы себепті олар нәтижені толық талдай алмаған. Апелляцияға жүгінгенімен, мәселе шешілмегенін айтады.

Сондай-ақ студенттер мемлекеттік емтиханның кейбір сұрақтары әлеуметтік желілерде алдын ала таралғанын мәлімдеп, бұл емтиханның ашықтығына күмән келтірді.

Ал Денсаулық сақтау министрлігі бұл айыптаулармен келіспейтінін мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, емтихан материалдары бірнеше деңгейлі сараптамадан өткен, ал қазақ тіліндегі нұсқаларды тәжірибелі мамандар аударған. Министрлік барлық клиникалық жағдайлар талапкерлердің таңдаған мамандығына сәйкес дайындалғанын атап өтті.

Войдите, чтобы оставить комментарий