Өскеменде аю елді мекенге жақындады: Аңды дронмен іздеп жатыр
Өскеменде қала аумағында аю жүргені туралы ақпарат тұрғындарды алаңдатты, деп хабарлайды Politico.kz.
Жануарды ГЭС маңындағы бақылау камералары түсіріп алған. Кейін видео әлеуметтік желілерде тарап, қала тұрғындары аюды қауіпсіз жерге шығарып тастауды сұраған.
Оқиғадан кейін орман және аңшылық шаруашылығы инспекторлары Аблакеткадағы саяжайлар аумағына барған. Мамандар жабайы аңның жүрген жерін анықтау үшін дрон көтеріп, аумақты әуеден бақылауға кірісті.
Инспекторлардың айтуынша, аю бір жерде тұрақтамай, басқа аумаққа кетіп қалуы мүмкін. Әсіресе түнгі уақытта оның қозғалысын бақылау қиын. Сондықтан мамандар аумақта кезекшілік ұйымдастырып, жануар табылған жағдайда оны адамдар тұратын жерден үркітіп, қауіпсіз бағытқа қарай қууды жоспарлап отыр.
Шығыс Қазақстан облысының елді мекендеріне аюлардың келуі биыл ғана болып отырған жағдай емес. Қазір мамандар Большенарым мен Серебрянск тұрғындарынан түскен хабарламаларды да тексеріп жатыр.
Мамандар жабайы жануарлардың елді мекендерге жақындауы орманда азықтың азаюымен байланысты болуы мүмкін екенін айтады.
Соңғы жаңалықтар