Өскеменде екі ер адам полицейге шабуыл жасады
Өскеменде 22 наурыз күні Сағадат Нұрмағамбетов көшесінде патрульдік полицейлерге жасөспірім көмек сұрап жүгінген. Оның айтуынша, екі бейтаныс жас жігіт агрессивті мінез көрсеткен, деп хабарлайды Politico.kz.
ШҚО полиция департаментінің деректеріне сүйенсек, оқиға орнына жеткен тәртіп сақшысына әлгі бейтаныс екі жігіт қарсылық көрсеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, мас күйде болған екі ер адам полиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбай, оған шабуыл жасаған.
«Оқиғадан кейін күдіктілер қашып кеткенімен, көп ұзамай олардың кім екені анықталып, ұсталды. Олардан қару тәркіленді. Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп хабарлады облыстық полициядағылар.
Желіде тараған мәлімет бойынша, оқиға салдарынан полиция қызметкері оқ жарақатын алған. Қазір ол ауруханада ем қабылдап жатыр, жағдайы тұрақты деп бағалануда. Сондай-ақ шабуыл жасағандардың офицердің қызметтік қаруын иеленгені айтылып отыр.
Аталған факті бойынша қалалық полиция басқармасы билік өкіліне қатысты қызметтік міндетін атқару кезінде топ болып өміріне қауіпті күш қолдану дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Соңғы жаңалықтар