«Отбасын жертөлеге қамап кеткен»: Депутаттың үйін тонаған қарақшыларға сот үкімі шықты
Ақмола облысы Астрахан аудандық мәслихатының төрағасы Мейрам Қожахметтің үйін тонаған қарақшыларға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz
Астрахан аудандық сотында алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен тұрғын үйге заңсыз кіріп, ірі мөлшерде тонау жасаған және автокөлікті заңсыз айдап әкеткен тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотталғандарға Қылмыстық кодекстің 191-бабы 3-бөлігінің 1), 3)-тармақтары мен 200-бабы 2-бөлігінің 1)-тармағы бойынша айып тағылды. Тергеу барысында 2025 жылдың шілде айында Тараз қаласының тұрғындары П. мен Ш., сондай-ақ Шымкент қаласынан келген Е. ауыл тұрғыны Мейрам Қожахметтің үйінде қомақты қаражат бар деп есептеп, Астраханка ауылына жеткені анықталды. Олар түнгі уақытта бетперде киіп, құрамында хлоры бар зат шашатын құралмен қаруланып, мәслихат төрағасының баспанасына заңсыз кірген. Сол сәтте үйде 4 ересек адам және 3 жасар бала болған.
П. мен Е. үй иелері Мейрам Қожахмет мен С.-ға күш қолданып, ақша мен бағалы мүліктерді талап еткен. Қаскөйлер зергерлік бұйымдар мен қаржыны иемденген соң, барлық жәбірленушілерді, соның ішінде кішкентай баланы да жертөлеге қамап тастаған. Қылмыскерлер кетіп бара жатып, үйдегі қылмыстық іздерін жоюға тырысқан. Оқиға орнынан жылдам алыстау мақсатында П. мен Е. аулада тұрған автокөлікті иемденіп, оны өздерін сыртта күтіп тұрған Ш.-ға жету үшін айдап әкеткен. Одан әрі олар Астана қаласына, кейін Таразға қашып, ұрланған мүлікті өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
Қылмыстық әрекеттердің салдарынан Мейрам Қожахметтің шаңырағына 4,2 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірілді. Сот үкімімен П. мен Е. қылмыстың қайталану қаупіне байланысты, сондай-ақ бұрынғы өтелмеген жаза бөліктерін қоса есептегенде, әрқайсысы 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейтін болады. Ал қылмыстың үшінші қатысушысы Ш. 5 жылға орташа қауіпсіздік мекемесіне сотталды.
Сот шешімі бойынша сотталғандардан жәбірленушілердің пайдасына 4,2 миллион теңге материалдық залал өндірілді. Сонымен қатар, екі жәбірленушінің әрқайсысына 2 миллион теңгеден моральдық зиянды солидарлық тәртіппен төлеу міндеттелді.
Бұл істегі маңызды жайттың бірі: сот Жамбыл және Түркістан облыстарының полиция департаменттерінің атына жеке қаулы шығарды. Құжатта бұған дейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған П. мен Е.-ге қатысты тиісті бақылаудың болмауына жол берген полиция қызметкерлеріне шара қолдану тапсырылды.
Айта кетерлік жайт, бұл қарақшылық шабуыл 2025 жылдың 15 шілдесіне қараған түні Астраханка аудандық мәслихатының төрағасы Мейрам Қосманұлы Қожахметтің үйінде орын алған. Қазіргі уақытта сот актілері заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар