«Өзімді кінәлаймын»: Михаил Шайдоровты не жылатты?
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, қысқы Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров журналистердің өзі туралы дайындаған видеоларын көргеннен кейін толқып, көзіне жас алғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол «Qazsport» телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Тілшінің «Соңғы рет қандай видео үшін жыладыңыз?» деген сұрағына спортшы шынайы жауап берді. Оның айтуынша, кейбір журналистер әлеуметтік желіде өзі туралы reels форматында видеолар жариялаған. Онда спортшының Олимпиадаға дейінгі ұзақ әрі күрделі жолы көрсетілген.
«Ол видеоларда менің Олимпиадаға келуіме дейінгі бүкіл жолым көрсетілген екен. Осы менің көңілімді босатты. Мен перфекционист адаммын, әрдайым тек алға ұмтылуға тырысамын. Қолымнан бір нәрсе келмей қалса, өзімді қатты кінәлаймын. Ал осындай видеоларды көргенде жаным тынышталады», – деді чемпион.
Спортшының айтуынша, сырт көз кейде адамның жүріп өткен жолын өзгеше бағалайды. Ал өзі үшін күнделікті еңбек пен талап – қалыпты дүние. Сондықтан өткен еңбегін сырттай көріп, бағаланғанын сезіну ерекше әсер қалдырған.
Айта кетейік, Михаил Шайдоров соңғы жылдары халықаралық аренада Қазақстан намысын абыроймен қорғап, ел мақтанышына айналды. Оның табандылығы мен еңбекқорлығы жас спортшыларға үлгі болып келеді.
Соңғы жаңалықтар