«Өзімді таңдаймын дегенге сенбеңіздер»: Индира Расылхан ажыраспақ болған келіншектерге үндеу тастады
Әнші Индира Расылхан әлеуметтік желіде оқырмандарына арнайы үндеу жасап, отбасын сақтай отырып та өзіне көңіл бөлуге болатынын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Өнер иесі өткен өміріндегі қателіктерден сабақ алып, басқалардың оны қайталамауын қалайтынын жеткізді. Оның сөзінше, әйелдер көбіне отбасына қызмет етіп жүріп, өзін ұмытып кетеді.
"Кезінде ажырасар алдын маған ешкім айтқан жоқ. Менің жіберген қателігімді жасамасын деген оймен жазып жатырмын. Отбасыны сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасағандарыңызды білемін: бала-шағаны бақтыңыздар, үйді тап-таза ұстап, күйеуді құрметтедіңіздер, ата-енеге жағу үшін бәрін істедіңіздер. Бірақ бүкіл махаббатты жан-жаққа шашып тастадыңыздар да, өзіңізге деген сезім қалмады. «Ажырасамын, өзімді таңдаймын, ойымды өзгертемін, махаббатымды арттырамын» деген өтірік нәрсе. Оған сенбеңіздер. Онсыз да қазір ажырасу өте көп", – дейді әнші.
Сонымен қатар ол некесі бұзылған жандарды өзін кінәламауға шақырып, ал ажырасуды енді ойлап жүргендерге асығыс шешім қабылдамауды ескертті.
"Егер ажырасып кеткен болсаңыздар, бұл — тағдыр, өкінбеңіздер. Ал қазір ажырасқым келеді дейтін болсаңыз, одан кейін бәрі керемет болып кетеді деп айта алмаймын. Өзіңізді жинағанша ұзақ уақыт керек. Бала «әке» деп сұраған кезде өзіңізді кінәлі сезініп, «ажыраспау керек пе еді» деп сан ойланасыз. Сол себепті ажыраспай жүріп те өзіңізді таңдап үйреніңіз", – деп түйіндеді Индира Расылхан.
Әншінің бұл ойы көпшіліктің арасында қызу пікірталас туғызды. Оқырмандардың бір бөлігі шаңырақты сақтау туралы кеңесті қолдаса, енді бірі "өзің неге ажырастың" деп сынап жатты.
Соңғы жаңалықтар