Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов жол апатына түсті

19.08.2026 11:19 Әсел МҰРАТ
Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов жол апатына түсті
56
Фото: Ақорда

Қазақстандық парабиатлоншы Ербол Хамитов Италияның Ливиньо қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны барысында жол апатына түсті, деп хабарлайды Politico.kz

Спортшы жаттығудан кейін қонақүйге велосипедпен қайтып келе жатқан кезде оқыс жағдай болған.

Хамитовтың сөзінше, жол жиегінде тұрған Mercedes минивэні кенеттен қозғалып, велосипедшінің бағытына шыққан. Көлік жүргізушісі спортшыны байқағанына қарамастан, тоқтамай, әрі қарай кетіп қалған.

Оқиға салдарынан Хамитов жарақат алмаған. Алайда өзі жалға алған велосипедтің дөңгелегі зақымданған.

Жол апатынан кейін спортшы велосипедті жалға алған жерге барып, қызметкерлерге болған жағдайды айтып, оқиғаның видеосын көрсеткен. Олар полиция шақыруды ұсынғанымен, Хамитов бұған келіспеген. Спортшының айтуынша, бастысы – ешкім зардап шекпеген.

Соған қарамастан, бүлінген велосипедтің шығынын Хамитовтың өзі төлеуге тура келген.

Паралимпиада чемпионы бұл жағдайды жүргізушілерге ескерту ретінде қабылдауға шақырды. Оның пікірінше, жолда велосипедшіге қатысты оқиға болған жағдайда жүргізуші міндетті түрде көлігін тоқтатып, жағдайды анықтауы керек.

Қазір Ербол Хамитовтың жағдайы жақсы. Ол Ливиньодағы оқу-жаттығу жиынына қатысуын жалғастырып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий