Парашютпен секірген 18 жастағы курсанттың өліміне кінәлі әскерилер сотталды
Ақтөбедегі оқу жаттығу кезінде парашюті ашылмай көз жұмған 18 жастағы курсанттың өліміне кінәлі екі әскери қызметкер бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 2025 жылдың 15 шілдесінде «Айбын» аэродромында болған. Тікұшаққа мінер алдында майор Нұржан Айденов екінші курс студенті Бақыт Асарбаевтың парашютін тексеріп, оған қолмен ашылатын құрылғымен секіруге рұқсат берген. Алайда ереже бойынша таныстыру секірісі кезінде парашют тек мәжбүрлі түрде ашылуы керек еді. Осы қатенің салдарынан шамамен 800 метр биіктікте құрылғы істемей қалып, жас жігіт жерге құлап көз жұмды.
Бұл істі Ақтөбе гарнизонының әскери соты қарап, екі адамды жауапқа тартты. Судья майор Нұржан Айденов пен кіші сержант Заманбек Төлегенді Қылмыстық кодекстің қызметке салғырт қарау бабы бойынша кінәлі деп тапты. Нұржан Айденов 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейтін болды. Ал Заманбек Төлеген 5 жылға сотталды.
Сот жәбірленуші тараптың талап арызын ішінара қанағаттандырып, тиісті шешім шығарды. Енді Қорғаныс министрлігі марқұмның отбасына моральдық шығын ретінде 20 млн теңге өтемақы төлеуі тиіс.
Соңғы жаңалықтар