Қорғаныс министрлігі қаза тапқан сарбаздың отбасына 20 млн төлеуден құтылып кетті

29.07.2026 17:52 Қарақат АСЫЛОВА
Қорғаныс министрлігі қаза тапқан сарбаздың отбасына 20 млн төлеуден құтылып кетті
576
Фото: orda.kz

Апелляциялық сот Ақтөбе облысындағы оқу-жаттығу кезінде парашюті ашылмай қаза тапқан 18 жастағы курсанттың отбасына Қорғаныс министрлігінен 20 млн теңге өндіріп алу туралы шешімнің күшін жойды, деп хабарлайды Время газеті.

Былтыр 15 шілдеде «Айбын» аэродромында 800 метр биіктіктен секірген Бақыт Асарбаевтың парашюті ашылмай қалып, жасөспірім оқиға орнында көз жұмған еді. Осы іс бойынша екі әскери қызметкер кінәлі деп танылып, бірінші сатыдағы сот оларды жазалаумен қатар Қорғаныс министрлігін марқұмның жақындарына 20 млн теңге моралдық шығын мен 600 мың теңге өкілдік шығын төлеуге міндеттеген болатын.

Алайда министрлік өкілдері бұл үкіммен келіспей, қылмыстық іс аясындағы азаматтық талап тек материалдық жауапкершілігі бар немесе тікелей қылмыс жасаған тұлғаларға қойылуы тиіс екенін алға тартып апелляциялық шағым түсірді. Нәтижесінде жоғары тұрған инстанция ведомствоның уәжін орынды деп танып, мұндай өтемақы даулары тек азаматтық сот тәртібімен шешілуі керек деген қаулы шығарды.

Сотта жаза тағайындалған 33 жастағы Заманбек Төлеген мен 34 жастағы Нұржан Айденов те өздерін ақтауды сұрап шағымданған. Олар сот тергеуінің толық болмағанын айтып, курсанттың парашютін тексеру мен оның техникалық жағдайына жауапты емеспіз деп ақталғанымен, апелляциялық алқа олардың өз қызметіне салғырт қарағанын растап, тиісінше 5 және 4,5 жылға бас бостандығынан айыру үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Сот материалдарына сүйенсек, оқиға болған күні тікұшақ жерге қона салып Заманбек Төлеген марқұмның қасына жүгіріп барып, парашюттің кейбір бөлшектерін ауыстырып тастаған, бұл оның өз кінәсін түсініп, жауапкершіліктен жалтармақ болған әрекеті ретінде бағаланды.

Войдите, чтобы оставить комментарий