Павлодар облысының әкімі қымбат киімдері туралы айтты
Павлодар облысының әкімі Асайын Байхан қымбат киімдері үшін өзіне тағылған сынға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Ол желідегі парақшасында мемлекетке қызметке дейін бизнеспен айналысқанын ерекше атап өтті.
«Бүгінгі заманауи қоғамда адамды оның іс-әрекеті мен жұмысы арқылы бағалайтынына сенетінмін. Бірақ бұл жолы менің киімім туралы сөз қозғалып жатыр екен, енді осы тақырыпты тарқатып шығайын.
Мемлекеттік қызметке әуелден қалыптасып, жағдайы жақсы адам ретінде келдім. Оны ешқашан жасырған емеспін. Ол кезеңге дейін мен 40 жастан асқан едім, ал одан бұрын 15 жылдан аса өз бизнесіммен айналысып, бірнеше банктің, оның ішінде шетелдік банктердің басқару құрамында қызмет атқардым», – дейді облыс әкімі.
Сөзін жалғай отырып, киімінің ыңғайлылығына бас назар аударатынын айрықша жеткізді.
«Ылғи да қарапайым, бірақ ыңғайлы киім мен аяқ киім кигенді ұнатамын. Гардеробымдағы брендтерге көп мән бермеймін. Заттарымның көбі бірнеше жылға шыдайды, кейбірі 10 жылдан астам уақыттан бері бар.
Ал кәсіби қызметімде аймақ тұрғындарының әл-ауқатын арттыру үшін барымды салып жұмыс істеуге тырысамын. Өйткені Павлодар облысының барлық тұрғыны өздеріне ұнайтын заттарын сатып ала алатындай мүмкіндігі болуы керек.
P.S. Мемлекеттік қызметке тек 2020 жылы ғана кірістім», – деп жазды өңір басшысы.
Соңғы жаңалықтар