Бектенов облыс әкімінің орынбасарын жазалауды тапсырды

06.10.2026 • 09:38 Әсел МҰРАТ
Бектенов облыс әкімінің орынбасарын жазалауды тапсырды
321
Фото: ашық дереккөз

Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Бүгінде жылу 11 өңірде беріле бастады, деп хабарлайды Politico.kz.

Үкімет отырысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жылыту маусымының басталуы туралы есеп берді. Оның айтуынша, жылыту маусымы 11 өңірде басталған.

«Жабдықтардың уақытылы жеткізілмеуіне байланысты Семей қаласындағы орталық жылу пункттерін жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі кейінге шегерілді. Осыған байланысты жылу беруге дайындық 5 қазанда қамтамасыз етілді. Енді Абай облысының әкімдігі Семейдегі барлық тұтынушыға жылуды жедел беруді аяқтауы қажет», – деді Нәлібаев.

Премьер-министр Олжас Бектенов бұған дейін жылу желілерін 1 қазанға дейін толық дайындауды тапсырғанын еске салды.

«Жылыту маусымы жоспарға сәйкес басталды. Оңтүстік және батыс өңірлерде жылу бекітілген кестеге және ауа райы жағдайына байланысты беріледі. Мен жылу көздері мен желілердің дайындығын 1 қазанға дейін қамтамасыз етуді тапсырған болатынмын. Бір өңірден басқасының бәрі бұл тапсырманы мерзімінде орындады», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Тек Семей қаласында жылу желілері уақтылы дайын болмай шықты. Осыған байланысты премьер-министр Абай облысы әкімінің аталған салаға жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий