Петропавлда 13 жастағы қызға қиянат жасаған ерлі-зайыптыға сот үкімі шықты

06.10.2026 • 09:43 Қанат АЙБАР
Петропавлда 13 жастағы қызға қиянат жасаған ерлі-зайыптыға сот үкімі шықты
344

Петропавлда 34 жастағы ер адам мен оның 32-дегі әйеліне үкім шықты. Ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, ал әйел қылмысқа көмектескені үшін 20 жылға сотталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Істі Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жабық отырыста қарады. Екеуіне Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі бойынша (жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) үшін айып тағылған.

Сот ер адамды кінәлі деп танып, жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеуді белгіледі. Әйел орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтейді. Оның зорлық-зомбылық әрекеттерін тікелей жасағаны дәлелденбегендіктен, сот айыптың осы бөлігі бойынша ақтап, қылмысқа жәрдемдескені үшін кінәлі деп таныды.

Жұп Петропавлдың шетіндегі Рабочий кентінде тұрып, екі бала тәрбиелеген. Ер адам кондитер, әйел санитар болып жұмыс істеген.

Іс материалдарына сәйкес, олардың үйіне жиені 13 жастағы таныс қызымен қонаққа келген. Бозбала ұйықтап қалған кезде қызды жатын бөлмеге шақырған, сол жерде оған қатысты қылмыс жасалған. Кейін мектеп оқушысы болған жайтты ата-анасына айтып, олар бірден полицияға жүгінген.

Сот қыздың пайдасына берілген азаматтық талапты толық қанағаттандырды. Сотталғандар моральдық зиян үшін 6 миллион теңге төлеуге міндеттелді, сондай-ақ олардан сот сараптамаларына жұмсалған 3,6 миллион теңге өндірілді.

Екеуінің кәмелетке толмаған екі баласына қатысты жеке қаулы шығарылды. Олардың жағдайымен қорғаншылық және қамқоршылық органдары айналысады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий