Павлодарда апалы-сіңлілі екі баланы зорлап, ВИЧ жұқтырған ер адам сотталды

Павлодарда апалы-сіңлілі екі баланы зорлап, ВИЧ жұқтырған ер адам сотталды
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Павлодарда екі баланы зорлап, ВИЧ жұқтырған ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған екі қызға қатысты аса ауыр қылмыс жасаған 48 жастағы азаматқа үкім шығарды.

Оқиға 2025 жылдың көктемінде болған. 48 жастағы ер адам денсаулығында кінәраты бар (мүгедектігі бар және үйде білім алатын) 10 және 11 жастағы екі апалы-сіңлілі қызға зорлық-зомбылық көрсеткен. Жәбірленушілердің анасы сотталушымен 2018 жылдан бері бірге тұрып келген және балаларды оның қарауына жиі қалдырып отырған.

Мемлекеттік айыптау мәліметінше, оқиға болған күні балалардың анасы үйде болмаған, ал ер адам алкогольдік мас күйде болған.

Сот барысында сотталушы жауап беруден бас тартты. 
Осыған байланысты оның сол сәтте өзінің АИТВ-инфекциясын (ВИЧ) тасымалдаушы екенін білген-білмегені нақты анықталмаған. Зорлық салдарынан екі балаға да инфекция жұққан.

Іс ҚР Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі (Жәбiрленушiнiң дәрменсiз күйiн пайдаланып жас балаға қатысты жасалған зорлау) және 121-бабы 4-бөлігі (Жәбiрленушiнiң дәрменсiз күйiн пайдаланып, абайсызда оған ВИЧ жұқтыруға әкеп соққан, кәмелетке толмаған балаларға қатысты жасалған жыныстық сипаттағы өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша қаралды.

Іс жабық сот отырысында қаралғандықтан, заң талаптарына сәйкес мән-жайлар толық жарияланбады.

Сот үкімімен ер адам кінәлі деп танылып, ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған педагогикалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды. 

Ол жазасын төтенше қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.  

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу