Павлодарда бірнеше көлік соқтығысты: адам шығыны бар (ВИДЕО)

18.09.2026 11:21 Әсел МҰРАТ
Павлодарда бірнеше көлік соқтығысты: адам шығыны бар (ВИДЕО)
258
Фото: видеодан скрин

Павлодар–Кенжекөл тасжолында төрт көлік соқтығысып, бір адам көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жантүршігерлік жол апаты туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Кейін полиция оқиғаның мән-жайын нақтылап, жол-көлік оқиғасына төрт көліктің қатысқанын хабарлады. Апат салдарынан бір адам қаза тауып, тағы жеті адам жарақат алған.

Әлеуметтік желідегі мәліметке сәйкес, жол апатынан кейін оқиға орнына төрт жедел жәрдем бригадасы мен Апаттар медицинасы орталығының мамандары барған. 

1977 жылы туған ер адамның көз жұмғаны және 2003, 2004 және 2006 жылдары туған алты адамның зардап шеккені туралы ақпарат тараған. Олардың біреуі, 2006 жылы туған жасөспірім ауруханаға жатудан бас тартқан.

Павлодар облысының полиция департаменті кейін оқиғаға қатысты нақты ақпарат берді. Ведомство мәліметінше, Павлодар – Кенжекөл жолында УАЗ Patriot, Audi 100, BMW және Lada Priora көліктері соқтығысқан.

Жол апаты салдарынан бір адам қаза тауып, бес адам түрлі жарақат алған.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Оқиғаның себептері мен барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады», – деп хабарлады полиция.

Войдите, чтобы оставить комментарий