Павлодарда сотталғандар түрмеде отырып плейстейшн ойнаған

09.10.2026 • 14:25 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Павлодарда сотталғандар түрмеде отырып плейстейшн ойнаған
245
Фото: depositphotos.com

Павлодардағы қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің бірінен PlayStation ойын приставкасы мен смартфондар табылды. Бұл туралы Павлодар облысының прокуратурасы хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Прокурорлар өңірдегі түзеу мекемелерінде тәртіп талаптарының сақталуын тексерген. Олар сотталғандарға тыйым салынған заттардың қалай жеткізілетінін де анықтауға кіріскен.

Тексеру кезінде мекемелердің бірінен 15 смартфон, 6 Wi-Fi роутер және Sony PlayStation ойын приставкасы табылды.

Бұдан бөлек, сымды және сымсыз құлаққаптар, USB кабельдер, флеш карталар мен басқа да заттар тәркіленді. Сотталғандарға мұндай заттарды сақтауға және пайдалануға тыйым салынған.

Осы дерек бойынша облыс прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 371-бабы «Салғырттық» бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.

Қазір тергеушілер тыйым салынған заттардың түзеу мекемесіне қалай жеткізілгенін анықтап жатыр. Оларды ішке өткізген адамдар мен осы іске қатысы бар тұлғалар тексеріліп жатыр.

Прокуратура Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайтынын хабарлады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий