Санжар Боқаевқа қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды

09.10.2026 • 13:48 Қанат АЙБАР
Санжар Боқаевқа қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды
211

Қоғам қайраткері Санжар Боқаев, оның жиені Мадияр Қалменов және бейнеоператор Ұлан Нүсіпқожаға қатысты жаңа қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы Қалменовтің адвокаты Айман Омарова мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Адвокат бұл ақпаратты 2 қазанда тікелей эфир кезінде айтқан. Оның сөзінше, күдіктілер Алматыдан Астанаға жеткізілгеннен кейін қорғаушылардың бірі Мадияр Қалменовпен кездескен.

Сол кезде оларға қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болған.

Айман Омарованың айтуынша, жаңа істі Қаржылық мониторинг агенттігі тергеп жатыр. Тергеу Қылмыстық кодекстің 189-бабының 3-бөлігі «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша жүргізілуде.

Алайда қандай мүлік туралы сөз болып отырғаны әзірге белгісіз. Келтірілген шығын мөлшері мен жаңа істің басқа да мән-жайлары жарияланған жоқ.

Аталған бап бойынша мүлкін тәркілей отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Еске салайық, Санжар Боқаев, Мадияр Қалменов және Ұлан Нүсіпқожа бұған дейін қозғалған басқа қылмыстық іс бойынша да айыпталушы ретінде өтіп жатыр.

Санжар Боқаев пен бейнеоператор Ұлан Нүсіпқожа 18 наурызда ұсталған болатын.

Сол кезде Бас прокуратура Боқаевтың қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатында арнайы қойылым түріндегі видеолар ұйымдастырды деген күдікке ілінгенін хабарлаған.

Тергеу мәліметінше, видеоларда ағаштарды кесу және құрылыс алаңдарынан ұрлық жасау көріністері түсірілген. Құқық қорғау органдары бұл әрекеттер қоғамда теріс пікір қалыптастыруға бағытталған деп күдіктенген.

Боқаевқа аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасады деген күдік те келтірілген.

Бұған дейінгі қылмыстық іс Алматы қаласының Алмалы аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотына түскен.

Алғашқы сот отырысы 28 қыркүйекке белгіленген еді. Кейін ол 16 қазанға ауыстырылды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий