Пиротехника зауытында жарылыс болып, 14 адам қаза тапты
Ресейдің Ярославль облысында пиротехника шығаратын зауытта алапат өрт шығып, 14 адам қаза тапты, тағы 15 адам түрлі жарақаттар алды. Төтенше жағдайға байланысты өңірде 30 қыркүйек аза тұту күні болып жарияланды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы оқиға Переславль-Залесский округіндегі Кубринск ауылында орын алған. Жергілікті ТЖМ дерегінше, қызыл жалын екі бірдей ғимаратты шарпыған. Салдарынан іште сақталған отшашу бұйымдары үздіксіз жарылып, нысандардың қабырғалары мен шатыры опырылып ортасына түскен. Қазіргі уақытта жалын ауыздықталып, құтқарушылар үйінділер арасынан іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Аймақ басшылығының шешімімен 30 қыркүйек Ярославль облысында қаралы күн болып бекітілді. Барлық мемлекеттік мекемелерде тулар төмен түсіріліп, телеарналар мен мәдениет ошақтарында ойын-сауық бағдарламалары тоқтатылады. Сондай-ақ билік қаза тапқандардың жақындары мен жарақат алғандарға материалдық, медициналық және психологиялық жәрдем берілетінін мәлімдеді.
Ярославль облысының губернаторы Михаил Евраев жағдайды жеке бақылауына алғанын, апаттың нақты себептері анықталып, кінәлілердің жазасыз қалмайтынын жеткізді. Қазір Ресей Тергеу комитеті өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастап кетті.
Еске сала кетейік, осыған дейін Каспийдегі 14 сарбаздың өліміне байланысты 25 қыркүйекте Қазақстанда да жалпыұлттық аза тұту күні жарияланған болатын.
Соңғы жаңалықтар