"Полиция қуғаннан жол апатына түскен": жалғыз ұлынан айырылған ана әділдік іздейді
Қызылорда қаласында жол апатынан көз жұмған 23 жастағы Дінмұхамед Рақымжановтың анасы әділдік іздеп жүр, деп хабарлайды Politico.kz.
Әйел ұлының өліміне жол-патрульдік полиция қызметкерлерін кінәлап отыр. Оның айтуынша, полицейлер қала ішіндегі тар көшеде ұлының көлігін қатты жылдамдықпен қуған, соның салдарынан жүргізуші жарық бағанасына соғылып, оқиға орнында көз жұмған.
Жол апатына бірнеше секунд қалғанда түсірілген дүкеннің бейнебақылау камерасындағы жазбада Дінмұхамед мінген автокөліктің артынан полиция экипажы жоғары жылдамдықпен келе жатқаны анық байқалады. Марқұмның жақындары ең сорақысы – апаттан кейін полиция қызметкерлері жедел медициналық көмек көрсетпей, оқиға орнынан кетіп қалғанын алға тартады.
Оқиға орнына барған тілші Абай Нұржанұлының айтуынша, соққының қатты болғаны соншалық, жеңіл автокөлік екіге бөлініп кеткен. Жүргізуші алған ауыр жарақаттарынан сол жерде жан тапсырған.
Марқұмның анасы тергеу барысында барлық кінә ұлының мойнына артылып кетпей ме деп алаңдайтынын жасырмады. Оның сөзінше, полицейлер әріптестерін қорғап, істің мән-жайын жан-жақты әрі әділ зерттеуге асықпай отыр.
Ал Қызылорда облыстық прокуратурасы өкілдерінің мәліметінше, қазіргі уақытта іс «көлік жүргізу немесе көлікті пайдалану қағидаларын бұзу» бабы бойынша тергеліп жатыр.
Марқұм Дінмұхамед Рақымжанов отбасындағы жалғыз ұл болған. Жақында ғана оқу орнын тәмамдаған жас жігіттің өзі де болашақта құқық қорғау саласында қызмет етуді армандағаны айтылып отыр.
Соңғы жаңалықтар