Польшада өлтірілген қазақстандық әйелдің әпкесі тың деректер айтты

20.03.2026 14:05 Әсел Мұрат
 Польшада өлтірілген қазақстандық әйелдің әпкесі тың деректер айтты
253
Фото: ашық дереккөз

Польшада қаза тапқан қазақстандық Екатерина Шилованың оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірді. Марқұмның әпкесі Ирина Геберт оның өмірінің соңғы күндері, іздестіру барысы және болған оқиғаның ықтимал себептері туралы толығырақ айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, Екатерина шамамен екі жыл бұрын Польшаға жұмыс істеу үшін кеткен. Бұл шешімді ол өз бетінше қабылдап, соңына дейін жақындарынан жасырған.

«Ол үнемі: «Мұнда ақша таба алмаймын» дейтін. Демалыссыз жұмыс істеді, табысы жетпеді. Ақша жинап, ата-анасына көмектесіп, оларға үй алып бергісі келетінін айтатын. Жақындары бұл шешімді қолдамады, бірақ ол бәрін әлдеқашан шешіп қойған еді. Мен: «Қазір заман қиын, мүмкін, тағы ойланып көрересің?» дедім. Ал ол: «Мен шешім қабылдап қойдым. Ата-анама ұшар алдында айтамын» деді», – дейді Ирина НПК Youtube арнасына берген сұхбатында.

Польшада Екатерина кір жуатын жерде жұмыс істеп, қосымша табыс тауып, тапқан ақшасын үнемдеп отырған.

«Ол «жұмыс – үй, үй – жұмыс» деген қағидамен өмір сүрді. Тіпті, демалыс күндері де қосымша жұмысқа шығатын. «Неғұрлым көп жұмыс істесем, соғұрлым көп табамын» дейтін. Осы уақыт ішінде ол қомақты ақша жинап, оны елге әкелуді жоспарлаған. Мен оған: «Ақшаны аударып жібер немесе депозит аш» дедім. Бірақ ол: «Жоқ, қолма-қол алып келемін» деп жауап берді», – дейді әпкесі.

18 ақпанда Екатерина Варшавадан Астанаға ұшуы тиіс болған. Таңертең ол жақындарымен байланысқа шығып, билеттерін жіберген.

«Ол әкемізге хабарласып, билетті көрсетті де, ұшақ кешкі 23:00-де екенін айтты. Ұшаққа отырған соң жазамын деп уәде берді. Бірақ келесі күні ешқандай хабар болмады. Телефондары жауап бермеді. Мен бірден алаңдай бастадым. Екі телефоны бірдей өшуі мүмкін емес қой. Әуежайда да Wi-Fi бар, жазуға болар еді», – дейді ол

Кейін белгілі болғандай, Екатерина рейске тіркелмеген, ал екі күннен кейін оның телефонынан күмән тудыратын хабарлама келген.

«Әке, мен Германияға жұмысқа кеттім» деп жазылған хабарлама келді. Бірақ ол ешқашан бұлай жазбайтын. Біз бірден бұл оның өзі емес екенін түсіндік. Сол сәттен бастап іздеу жұмыстары басталды. Польша, Германия және Беларусь елдеріндегі таныстарымыз көмектесті. Біз оны 25 күн бойы іздедік. Ақпаратты там-тұмдап жинап, барлық мекенжайлары мен байланыстарын тексердік», – дейді Ирина.

Кейін оның жоғалуына Екатеринаның көршісі – бірге пәтер жалдап тұрған Сергей есімді ер адамның қатысы болуы мүмкін екені белгілі болды.

«Олар – Украина азаматтары. Сергей мен Татьяна – жалдау ақысын бөліп төлеу үшін оны бірге тұруға шақырған. Екатерина оларға сенген, Біздің ойымызша, негізгі себеп ақша болуы мүмкін. Ол қомақты соманы шешіп алып, пәтердегі сейфке салғанын айтқан. Бірақ бұл ақша әлі күнге дейін табылған жоқ», – деді Ирина.

Екі аптадан кейін күдікті ұсталған. Кейін ол мәйіттің қай жерде екенін көрсеткен.

«Алтыншы күні ол жауап беріп, мәйіттің қайда екенін көрсетті. Бірақ бізге басқа мәлімет берілмей отыр, ештеңе түсіндірмейді. Тергеу құпиясы дейді. Қалай өлтіргені, қайда болғаны – белгісіз», – дейді Ирина.

Қазіргі уақытта отбасы марқұмның мәйітін Қазақстанға жеткізу мәселесімен айналысып жатыр.

«Оны тезірек елге әкелуіміз керек. Жақында 40 күн толады, бірақ біз әлі жерлей алмай отырмыз», – дейді ол.

Ирина күдіктінің оқиғаны басқаша көрсетуге тырысып жатқанын да айтты.

«Ол Екатерина өзінің көңілдесі болғанын және өзін бопсалағанын айтып жатыр. Бұл – өтірік. Ол ер адамдармен мүлде араласпайтын, тұйық болатын, зиянды әдеттері де жоқ еді, бар уақыты мен күш-жігерін жұмысқа салатын. Өте сабырлы, мейірімді болды, әрдайым көмектесуге дайын тұратын. Біз қайғыдан қан жұтып, өз-өзімізге келе алмай, есеңгіреп қалдық. Мұндай жағдайдың болғанына әлі де сенер емеспіз», – дейді Ирина.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. Марқұмның жақындары барлық сұраққа жауап беріліп, кінәлілер әділ жазаға тартылады деп үміттенеді.

Еске сала кетейік, Екатерина Шилова 18 ақпанда – Варшавадан Астанаға ұшатын күні жоғалып кеткен. Ол рейске отырмаған, кейін оның телефонынан Германияға жұмысқа кеткені туралы күмәнді хабарлама келген.
 

 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий