Пойызда жас қыздың төсінен ұстаған 70-тегі шал ұсталды (ВИДЕО)
Ақтөбе-Алматы бағытындағы пойызда 70 жастағы ер адам ұйықтап жатқан қызға тиіскен, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл оқиға туралы жәбірленуші әлеуметтік желіде арнайы бейнежазба жариялап, қоғам назарына ұсынды.
Бойжеткеннің айтуынша 14 мамыр күні түнгі сағат үште төменгі орында ұйықтап жатқанда бейтаныс зейнеткер оның денесіне қол жүгірткен. Шошып оянып, қартты ұрып жібергенде ол кешірім сұрап теріс қарап жата қалған. Мұнан кейін қыз болған жағдайды оның қасындағы әйелге айтып шағымданғанымен, екеуі келесі станциядан асығыс түсіп кеткен.
«Ол әйел маған сені зорлады ма, тиіссе қағып тастап жата бермейсің бе деді. Мен қатты күйзеліс алдым, төрт күннен бері ұйықтай алмай жүрмін, ал психологқа баратын ақшам жоқ», — деді студент.
Сонымен қатар ол мұндай әрекет үшін тағайындалған жазаның тым жеңіл екенін айтып наразылық білдірді.
Көліктегі полиция департаменті бұл деректі растап, 70 жастағы жолаушының Түрксіб станциясында құрықталғанын мәлімдеді. Тәртіп сақшылары іс материалдарын ұсақ бұзақылық бабымен сотқа жолдаған.
«Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына қарауға жолданды. Сот шешімімен құқық бұзушы кінәлі деп танылып, оған 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды», — деді ведомствоның баспасөз қызметі.
Соңғы жаңалықтар