Президент Әкімшілігі басшылары неге ұзақ қызмет етпейді?

Президент Әкімшілігі басшылары неге ұзақ қызмет етпейді?
09.06.2025 18:04
0
182
Тәуелсіздік жылдары елімізде 24 ПӘ басшысы ауысты

Қазір президенттің бес көмекшісі және тоғыз кеңесшісі бар, ал әкімшілік басшысының әлі де бірінші орынбасары жоқ екенін саясаттанушы Данияр Әшімбаев атап өтті.

Президент Әкімшілігі басшылары неге ұзақ қызмет етпейді?

Елімізде Президент Әкімшілігі (әрі қарай «ПӘ») негізгі саяси орталықтың бірі болуы тиіс. Алайда көп жағдайда олай бола бермейді. Бәрі бұл құрылымды басқаратын адамның саяси беделіне байланысты. Бұл әсіресе қазақстандық саяси мәдениет пен тәжірибеде айқын көрініс тапқан. 

Тәуелсіздік жылдары елімізде 24 ПӘ басшысы ауысты. Егер олардың қызметтегі уақытын қарайтын болсақ, орташа екі жыл ғана басшы болған. Ең ұзақ отырғаны Нұртай Абыкаев. 

Басшылар неге ұзақ қызмет етпейді? Оған бір ғана жауап бар. ПӘ мемлекет басшысының елді дамытуға арналған стратегиялық мақсаттарының жүзеге асырылуын бақылайтын билік құрылымы. Саяси беделі бар шенеунік қана мұнда ұзақ қызмет істеуі мүмкін. Себебі орталық қана емес, аймақтық мемлекеттік органдармен коммуникацияға түседі. Ал билік институттары ішіндегі коммуникацияда ішкі конфликтілер болуы табиғи құбылыс. Әлемдік тәжірибе де сөзімізге дәлел. 

Президент Әкімшілігін реформалауға талпыныс

2024 жылы 7 ақпанда қазіргі ПӘ басшысы Айбек Дәдебаев тағайындалды. Ол биыл басшының бірінші орынбасары лауазымын қайта қалпына келтіруге тырысты. 2025 жылы 6 қаңтарда президенттің жарлығымен бұл лауазымға Дархан Сатыбалды тағайындалды. Бұған дейін ол Түркістан облысының әкімі болған. Алайда бұл лауазымда ұзақ жұмыс істемеді. 24 мамырда Ерболат Досаевтың орнына Алматы қаласы әкімі болып тағайындалды. 

Д. Сатыбалдының ПӘ басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалғаны туралы ақпарат тарағанда сарапшылар бұл лауазымды не үшін қайта қалпына келтірді деген сұрақ қоя бастады. Себебі 2023 жылы қыркүйекте ПӘ басшысының орынбасарлары лауазымы алынып тасталды. Оның ішінде бірінші орынбасар да бар. Мұндай ПӘ құрылымын реформалауды сол кездегі басшы Олжас Бектенов ұсынған. Қазіргі премьер-министр 2023 жылдың 3 сәуірінен 2024 жылдың 6 ақпанына дейін аталмыш құрылымды басқарды. 

Мұндай реформа не үшін қажет болды? Себебі президент ПӘ мен Үкіметтің ара жігін ажыратуға тырысты. ПӘ институтын басты «саяси штаб» ретінде мемлекетті әлеуметтік-экономикалық дамытудың стратегиялық бағыттарына, ішкі және сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік, құқық және кадр саясаты мәселелеріне барлық күш-жігерін жұмылдырмақ болды. Ал «Үкімет экономикалық саясатқа жауапты болып Президент Әкімшілігіне жалтақтамай, экономиканы дербес басқарудың барлық әдіс-тәсілдерін қолында ұстауға тиіс» еді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы 1 қыркүйектегі халыққа жолдауында хабарлаған. 

Дегенмен 2025 жылы бірінші орынбасар лауазымы қайта енгізілді. ПӘ басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалғасын, Д. Сатыбалды 8 қаңтарда Президенттің қабылдауында болды. Онда мемлекет басшысы бірінші орынбасар лауазымын мына мақсатта енгізгенін атап өтті:

  • басқару процесі мен аймақтар арасындағы ықпалдастықты жетілдіру;
  • өзінің тапсырмалары мен шешімдерінің жергілікті жерде орындалу барысына бақылауды күшейту;
  • қабылданған шаралардың сапасын жақсартып, азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімін нығайту.

Осы мақсаттардан орталық пен аймақтар арасында ықпалдастық мәселесінде кемшіл тұстар бар екенін байқаймыз. Яғни, жалпақ тілмен айтқанда байланыс нашар. Мұның алғашқы белгісі Алматы қаласының экс-әкімі Е. Досаевтың қызметтен кетуі болуы мүмкін. Себебі жаңа әкімді таныстыруға ПӘ мен Үкімет басшылары бірге келді. Қазіргі Үкімет басшысы О. Бектенов ПӘ-н А. Дадебаевқа дейін басқарғаны және де 2023 жылы оны реформалауға күш салғанын ескерсек мұнда да саяси астарды байқаймыз. 

Қазіргі басшының саяси беделі жоғары емес

Дегенмен қазір Д. Сатыбалдының қызметі ауысқасын бірінші орынбасар лауазымы бос тұр. Әдетте жаңа адамды тағайындау мұншалықты ұзаққа созылмайтын еді. Не үшін бос тұрғаны әлі белгісіз. Кейін де тағайындалмаса бұл лауазым қайтадан алынып тасталды деп нақты айта аламыз. Әзірге бір болжам жасау қиын.

Соған қарамастан бірінші орынбасар лауазымы не үшін енгізілгенін талдап көрейік. Біз жоғарыда ПӘ-ң тиімді жұмыс істеуі басшысының саяси беделіне байланысты дегенбіз. Қазіргі басшының саяси беделінің қандай екенін білу үшін «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының әр квартал сайын жариялайтын басқару элитасының рейтингіне жүгіндік. 

2025 жылғы I кварталдағы рейтингте ПӘ 30-ы орынға жайғасқан. «Жұмыс нәтижелілігі», «Ақпараттық ашықтығы» және «Басшының беделділіг» критерийлері бойынша сарапшылар А. Дәдебаевті орташа бағалаған. Есесіне Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин екінші орында тұр. Біз мұны не үшін ескеріп отырмыз? Егер ПӘ құрылымын қарайтын болсақ, Мемлекеттік кеңесші ПӘ басшысынан жоғары тұрғанын көреміз. Демек Мемлекеттік кеңесші институты саяси басым құрылымға айналған. 

Мұндай жағдай тек биыл ғана емес, 2024 жылғы рейтингтерден де байқалады. ПӘ рейтингте келесідей орында болған:

  • IV квартал – 19
  • III квартал – 25 
  • II квартал – 27 
  • I квартал – 36 

Барлық кварталда да Мемлекеттік кеңесші институты жоғары орындарда болған. Саяси беделдің төмен екенін бұған дейінгі ПӘ басшысымен салыстырған кезде де байқауға болады. Мысалы, О. Бектенов басқарған ПӘ 2023 жылғы IV кварталдағы рейтингте 8-орынды иеленген. 

Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады? Жұмыс өнімділігі жеке тұлғаға тәуелді. Мұндай жағдай бізде қалыптасқан саяси мәдениет пен тәжірибеге тән құбылыс. Оның артықшылығымен бірге кемшілігі де бар. Бұл тек билік институттарында ғана емес, партияларда, кез-келген азаматтық бірлестіктерде байқалады. 

Саясаттанушы Қыр баласы 2.0

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий