Президент Исраил Сапарбайдың отбасына көңіл айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақын, сазгер, Қазақстанның халық жазушысы Исраил Сапарбайдың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты
Жеделхатта Президент Исраил Сапарбайдың ғұмыр жолы мен шығармашылығына жоғары баға беріп, оның ұлттық әдебиет пен өнерге сіңірген еңбегін ерекше атап өткен.
– Исраил Сапарбай ғибратты ғұмырын киелі сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосқан дарынды қаламгер еді. Ұлттық поэзия мен драматургияда өзіндік қолтаңбасын қалдырып, нағыз шығармашыл тұлға ретінде өнімді еңбек етті. Қалың оқырман өміршең туындыларымен қатар ұлтжанды азаматтығын жоғары бағалады. Соңына бай әдеби-мәдени мұра қалдырған Исраил Сапарбайдың жарқын бейнесі мен есімі ұмытылмайды, – деп жазылған жеделхатта.
Ақын, драматург, көптеген танымал әндердің сөзін жазған Исраил Сапарбай қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлға ретінде ел жадында қалмақ.
Дереккөз: Politico.kz
Соңғы жаңалықтар





