Президент Жолдауын жүзеге асыру: туризм экономикаға 5 трлн теңге әкелді

07.09.2026 14:32 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Президент Жолдауын жүзеге асыру: туризм экономикаға 5 трлн теңге әкелді
134
Фото: Ақорда

Қазақстанда соңғы екі жылда туризм саласына 2,2 трлн теңгеден астам инвестиция құйылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Үкіметтің мәліметінше, саланың экономикаға қосқан үлесі 5 трлн теңгеге жеткен. Қазір бұл бағытта 600 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Елде жалпы құны 1,3 трлн теңге болатын 328 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Нәтижесінде 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі 25 жаңа қонақ үй кешені бой көтереді.

Жаңа нысандар қатарында Hilton және Mandarin Oriental желілері бар. Бұдан бөлек Oi-Qaragai тау курортын кеңейту жобасы жүріп жатыр. Үкімет дерегінше, 2026 жылдың сәуірінде елдегі орналастыру нысандарының саны 4,5 мыңға жеткен.

Шетелдіктердің Қазақстанға келу көрсеткіші күрт өсті. 2025 жылы елге 15,7 млн шетел азаматы келген. Олардың 11,1 млн-ы нақты туристер санатына кіреді. Саяхатшылар республика аумағында $2,9 млрд қаражат жұмсаған.

Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстан 7 млн шетелдік турист қабылдады. Оның ішінде Өзбекстаннан 2,5 млн, Қырғызстаннан 1,6 млн, Ресейден 1,5 млн адам келді. Визалық режимнің жеңілдеуі Қытайдан келушілер санын 46,8%-ға арттырып, 960 мың адамнан асырды.

Ішкі туризм көрсеткіші де тұрақты өсіп келеді. 2025 жылы ел ішінде 8,7 млн қазақстандық саяхаттаған. Биылғы жылдың басында отандастарымыз Алматы таулы кластеріне (509,3 мың), Щучинск–Бурабай (116,7 мың) және Маңғыстау (53,3 мың) курорттарына көп барған. Түркістан мен Алтай аймақтары да жоғары сұранысқа ие.

Үкімет туристік аймақтардың инфрақұрылымын жаңартуды жалғастыруда. 2026 жылы 11 мың шақырым автомобиль жолы жөндеуден өтті. Рахман қайнарлары, Кендірлі, Баянауыл және Көлсай демалыс орындарына апаратын жолдар жаңартылды.

Шалғай аймақтарда көлік қатынасы ретке келтіріліп жатыр. Қатонқарағай, Зайсан және Кендірліде жаңа туристік әуежайлар салынуда. Арқалық пен Балқаш әуежайлары жұмысын қайта бастаса, Үржардағы терминал жаңғыртылып жатыр.

Жазда сұраныстың артуына байланысты 15 қосымша теміржол бағыты іске қосылды. Оның 10-ы Алакөл жағалауына қатынайды. Бұл шара 400 мыңнан астам қосымша жолаушылар орнын қамтамасыз етті. Сонымен қатар курорттық аймақтарға аптасына 45 субсидияланатын әуе рейсі ұйымдастырылды.

Алматы тау кластерін дамыту үшін ауқымды жоспар бекітілді. Онда 30 аспалы жол мен 161 шақырым тау шаңғысы трассасын салу көзделген. Басты мақсат – жылына 5 млн турист қабылдау.

Ұлттық табиғи парктерге барушылар саны да артып отыр. 2025 жылы мұндай аймақтарға 3,7 млн адам барған. Отбасылық демалысты қолдау үшін 2026 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға ұлттық парктерге кіру тегін болды. Қазір табиғи аумақтарда 179 туристік маршрут пен 42 экосоқпақ жұмыс істеп тұр.

Мемлекет туроператорларға тікелей субсидия төлеуді бастады. Әрбір шетелдік турист үшін компаниялар 15 мың теңге алады. Бұдан бөлек туристік автобустарға шекарада арнайы жасыл дәліз ашылып, визит-орталықтар мен гидтердің қызметі заңмен реттелді.

Туризм саласындағы бұл өзгерістер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында жүзеге асып жатыр. Мемлекет басшысы 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында туристік әлеуетті ашу, бәсекелестікті арттыру және қызмет көрсету стандарттарын жақсарту міндеттерін қойған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий