Профессор: Алматыда 2,5 млн жалақы алатын ғалымдар бар

15.09.2026 21:09 Томирис САҒЫНДЫҚ
Профессор: Алматыда 2,5 млн жалақы алатын ғалымдар бар
135
Фото: видеодан скриншот

Танымал жаратылыстанушы, профессор Әбдікәрім Зейнуллин отандық ғылымның даму кезеңдері мен ғалымдардың әлеуметтік жағдайының өзгерісі туралы ой бөлісті. Ғалым КСРО дәуіріндегі ғылымның мәртебесін, тоқсаныншы жылдардағы дағдарыс пен қазіргі мемлекеттік қолдаудың нәтижелерін салыстырмалы түрде баяндады. Сонымен бірге ол заманауи ғылыми жобалардың қаржыландырылуы мен жас мамандарға ашылған жаңа мүмкіндіктерді тілге тиек етті, деп хабарлайды Politico.kz.

Профессор бұл туралы "Адырна" ұлттық порталына берген сұқбатында әңгімеледі. 

Ғалым тоқсаныншы жылдардағы экономикалық дағдарыс кезінде отандық ғылым саласы мен зерттеушілердің ауыр жағдайды бастан өткергенін еске алды. Ол сол кезеңдегі қаржыландырудың тоқтауы мен кәсіби мамандардың тап болған әлеуметтік қиындықтарын сөз етті. Бұдан бөлек профессор ғалым мәртебесінің төмендеуі салдарынан жастардың бұл салаға деген ынтасының азайғанын мысалдармен баяндады.

«90-жылдары ғалымдар өте қатты қажып, шаршап жүрген кездер болды. Сол кездері 6 айлап, 1 жылдап жалақы алмаған кезеңдер өтті. Өзім Жезқазғанда 40 жасқа толмай тұрып доктор, профессор және академик атандым. Маған туыстар мен таныстар жас балаларының тұсауын кестіруге алып келетін. Ондай сәттерде мен: «Үлкен азамат, еліміздің мақтанышы, ел ағасы болып өс, бірақ ғалым болуың міндетті емес», — деп айтатынмын. Өйткені ол кезде ғалымдардың жағдайы өте төмен еді», — деді Әбдікәрім Зейнуллин.

Сондай-ақ сарапшы Кеңес одағы тұсындағы ғалымдардың жоғары мәртебесі мен қазіргі таңдағы оң өзгерістерге тоқталды. Ол бұрынғы мемлекеттік жеңілдіктер мен жоғары жалақы жүйесін бүгінгі ғылыми реформалармен салыстыра бағалады. Бұдан өзге ол заңнамалық өзгерістердің арқасында ғалымдардың бірнеше жобаны қатар алып жүруіне мүмкіндік туғанын атап өтті.

«Совет дәуірінде ғалым профессор обком хатшысымен бірдей айлық алатын. Жер астындағы шахтермен де тең жалақы алатынбыз. Университет бітірген соң бірден үй мен басқа да жағдайларды берді. Ол кезде ғалымдарға өте жақсы көңіл бөлінетін. Доцент 350 рубль алса, профессор 600 рубль алатын. Обком хатшысы да 600 рубль алатын, яғни тең болды. Ғалымдардың беделі мен деңгейі өте жоғары еді. Ал қазіргі таңда жағдай қайта түзеліп келе жатқан сияқты. Қазір ғалым болсаң, мүмкіндік те, айлық табу да, жұмыс істеу де өте көп. Алматыда 2 миллионнан 2,5 миллионға дейін айлық алатын ғалымдарымыз бар. Өйткені олар ғылыми жобалар мен бағдарламалар жасайды. Қазіргі «Ғылым туралы» заң бойынша екі ғылыми жобаны қатар басқаруға болады», — деді Әбдікәрім Зейнуллин.

Профессор жоғары оқу орындары профессор-оқытушылар құрамының табыс деңгейі мен мемлекеттік саясаттың басымдықтарына тоқталды. Ол ғылыми ортадағы еңбекақы көлемінің артуы мен жобалық қаржыландырудың тиімділігін нақты цифрлармен келтірді. Сонымен қатар ғалым мемлекет тарапынан ғылымға басымдық берілуі елдің болашақ дамуының кепілі екенін айтты.

«Сонымен қатар ұлттық университеттерде профессор 700–800 мың теңге айлық алады. Оған қоса бір жобаны жүргізсе, 500 мың теңге қосылып, 1 миллион 300 мың теңге шығады. Ал қосымша тағы бір іс атқарса, жалақысы 2 миллион теңгеден асып кетеді. Әрине, бәрінде бірдей емес. Бірақ мұғалімдер, профессорлар мен доценттердің қазіргі жағдайы жаман емес. Университеттерде 1,5 ставкада жұмыс істейтіндер бірден 1 миллион теңге төңірегінде табыс табады. Енді басым бағыт ғылым екені Конституцияға да жазылды. Ғылымға деген көзқарас басқаша болып жатыр, оның қажеттілігі түсінікті болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ғылымы жоқ елдің болашағы жоқ», — деп өте дұрыс айтты», — деді Әбдікәрім Зейнуллин.

Войдите, чтобы оставить комментарий