Прокурор Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады
Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайды өлтіру ісі бойынша сот жарыссөздері өтіп жатыр. Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Нұрайдың ісі бойынша сот жарыссөздері басталды. Мемлекеттік айыптаушы-прокурор сотталушы Ш.Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Алдағы күндері сот үкімі шығуы тиіс...», – деді адвокат Аянхан Омаров.
Қылмыстық іс бойынша 28 жастағы Шерхан Аймахан жауапқа тартылып жатыр. Оған бірден 3 бап бойынша айып тағылған. Прокурор Мадияр Әбілқасымов әр эпизодқа жеке тоқталды. Ол сотталушыны кінәлі деп тауып, нақты жаза тағайындауды сұрады.
Айыптаушы Аймаханды аса қатыгездікпен кісі өлтіргені үшін өмір бойына соттауды талап етті. Ал некеге тұруға күштегені үшін 2 жыл түрме жазасын сұрады. Оған қоса қыздың соңынан қалмай аңдығаны үшін 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартуды ұсынды.
Тергеу мәліметіне сүйенсек, қайғылы оқиға 2026 жылдың 11 қаңтарында болған. Шерхан Аймахан Нұрайды ата-анасының үйінің жанында аңдып тұрған. Бойжеткен қашып құтылмақ болғанда, ол қуып жеткен. Күдікті қызға 35 рет пышақ салған. Алған ауыр жарақаттардан Нұрай оқиға орнында көз жұмды.
Оқиғаның алғышарты 2025 жылдың күзінде басталған. Айыпталушы Нұрайды күштеп үйлену мақсатында алып қашқан. Бірақ туыстары мен полицейлер қызды үйіне қайтарды. Осыдан кейін ер адам оның соңынан қалмай қойған.
Ол Нұрайды үнемі аңдып, қысқа уақыт ішінде 150-ден астам рет қоңырау шалған. Бір күні тіпті 1,5 сағат ішінде 76 рет хабарласқан. Ақыры қызды үйінің маңында күтіп тұрып, қатыгездікпен өлтірген. Қылмыстан кейін жасырынбақ болған күдікті 2 тәуліктен соң ұсталды. Полиция оны қаладан 10 шақырым жерде қолға түсірді.
Соңғы жаңалықтар