Путин Назарбаев пен Тоқаевты құттықтады
Владимир Путин Тоқаев пен Назарбаевты келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады, деп хабарлайды Politico.kz
Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Рождество және келе жатқан жаңа 2026 жыл мерекесіне орай шетелдік мемлекет және үкімет басшыларына арнайы құттықтау хаттарын жолдады. Кремльдің тізімінде Қазақстанның қазіргі және бұрынғы басшылары да бар.
Ресей лидері ТМД елдері бойынша әріптестеріне, атап айтқанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке және Беларусь басшысы Александр Лукашенкоға ізгі тілегін білдірді. Орталық Азия өңірінен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстаннан Эмомали Рахмон, Өзбекстаннан Шавкат Мирзиеев, сондай-ақ Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов пен түрікмен халқының Ұлттық көшбасшысы Гұрбанғұлы Бердімұхамедов те құттықтау алды. Армения басшылығынан президент Ваагн Хачатурян мен премьер-министр Никол Пашинян назардан тыс қалмады.
Алыс шетелдік әріптестер арасында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған, Қытай Төрағасы Си Цзиньпин бар. Үндістаннан президент Дроупади Мурму мен премьер Нарендра Модиге, ал Еуропа елдерінен Венгрия премьері Виктор Орбан мен Словакия үкімет басшысы Роберт Фицоға және Сербия президенті Александр Вучичке сәлемдеме жіберілген.
Географиялық ауқымы кең тізімде Бразилия президенті Луис Инасио Лула да Силва, Венесуэладан Николас Мадуро, Кубадан Мигель Диас-Канель Бермудес және Никарагуадан Даниэль Ортега мен Росарио Мурильо аталған. Азия-Тынық мұхиты аймағынан Вьетнам басшылары То Лам мен Лыонг Кыонг, Индонезия президенті Прабово Субианто, Лаос басшысы Тхонглун Сисулит, Моңғолия президенті Ухнагийн Хурэлсух, Мьянма премьері Мин Аун Хлайн және Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ын қамтылды. Африка құрлығынан ОАР президенті Сирил Рамафоза мен Эфиопия басшылары Тайе Ацкеселассие және Абий Ахмед те бар.
Тіпті Рим Папасы XIV Лев пен Абхазия президенті Бадра Гунба және Оңтүстік Осетия басшысы Алан Гаглоевке де мерекелік лебіз айтылған.
Айта кетерлігі Владимир Путин биліктен кеткен саяси қайраткерлерді де ұмытпаған. Жеке құттықтау алғандардың қатарында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бар. Сонымен қатар Германияның экс-канцлері Герхард Шредер, Кубаның бұрынғы басшысы Рауль Кастро және Арменияның бұрынғы президенттері Роберт Кочарян мен Серж Саргсянға арнайы хат жолданды.
Айта кетейік, Назарбаев пен Путин жақында ғана тағы да кездескен болатын.
Соңғы жаңалықтар