Түрмеде отырып 4 млн теңге жымқырған: Қазақстанда үш ірі байланыс операторы жазаланды
Қостанай облысында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі тексерістен кейін үш ірі ұялы байланыс операторы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Прокуратура мәліметінше, үш мекеме аумағында жүргізілген өлшеу жұмыстары кезінде мобильді байланыс сигналының рұқсат етілген деңгейден жоғары екені анықталған.
Заң талаптарын бұзғандар қатарында Beeline брендімен жұмыс істейтін «Кар-Тел» ЖШС, Kcell АҚ және Tele2 мен Altel брендтерінің операторы «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС бар. Прокуратураның ұсынуынан кейін үш компанияға да әкімшілік айыппұл салынған.
Қолданыстағы талаптарға сәйкес, байланыс операторлары өз желілерін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағына ұялы байланыс сигналы белгіленген мөлшерден артық таралмайтындай етіп реттеуге міндетті. Алайда тексеріс барысында бұл талаптардың сақталмағаны белгілі болған.
Прокуратура мұндай шаралардың маңызды екенін бұған дейін анықталған қылмыстармен түсіндірді. Мәселен, сотталғандардың бірі мекемеде отырып, ұялы телефон арқылы 4 млн теңгеден астам сомаға алаяқтық жасаған. Тергеу барысында одан бірнеше телефон тәркіленіп, өзі қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Қадағалау органы тексерістердің мақсаты – түрмелерде ұялы байланысты еркін пайдалануға жол бермеу және операторларды заң талаптарын орындауға міндеттеу екенін атап өтті.
Соңғы жаңалықтар