Қарызын сұрағаннан кейін үйіне мылтықпен барған ба? Жамбыл облысында ХҚКО басшысы дауға қалды
Жамбыл облысында Т.Рысқұлов аудандық ХҚКО басшысына қатысты оқиға қоғам назарын аударды, деп хабарлайды Politico.kz сайты “Halyqstan” Telegram арнасына сілтемемен.
Заңгер Ғабит Өмірбеков облыстық полиция департаментінің басшысына видеоүндеу жасап, жағдайды жеке бақылауына алуды сұрады.
Заңгердің айтуынша, оқиға Қызылшаруа ауылында болған. Күндіз Асет есімді ауыл тұрғыны ХҚКО басшысымен кездесіп, одан қарызын қайтаруды сұраған. Ал сол түні шенеунік оның таныстарының бірінің үйіне келіп, мылтықтан оқ атқан деген ақпарат тарады.
Ғабит Өмірбеков ер адамның сол сәтте мас болуы мүмкін екенін де болжап отыр. Сондай-ақ бейнебақылау камераларындағы жазбалардан оның қызметтік көлікпен жүргені байқалғанын мәлімдеді.
Жамбыл облысының полиция департаменті түнгі тыныштықты бұзу және қаруға ұқсас заттан оқ ату дерегі бойынша 56 жастағы ер адамның анықталғанын хабарлады.
Полиция мәліметінше, ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 485-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылған. Оның атына тіркелген 12-калибрлі «ТОЗ-34Р» аңшылық мылтығы тәркіленген. Сондай-ақ ер адаммен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Алайда заңгердің сөзінше, жергілікті полиция қызметкерлері оқ атудың себебін анықтаудың орнына Асетті бірнеше рет сұраққа алып, оның үстінен арыз түскенін айтқан. Осыған байланысты Ғабит Өмірбеков Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаевтан істі жеке бақылауына алып, жағдайды жан-жақты тексеруді сұрады.
Ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жамбыл облыстық филиалы әзірге жағдайға қатысты пікір білдірмеген.
Соңғы жаңалықтар