Путин үшін қырынып, әтір сепкен бе? Трамптың елшісі Кремльде неге сонша қуанды?

03.12.2025 17:55 Арман Ермеков
Путин үшін қырынып, әтір сепкен бе? Трамптың елшісі Кремльде неге сонша қуанды?
0
119
коллаж Politico.kz

АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткоффтың Мәскеу мен Майамидегі екі түрлі бейнесі халықаралық сарапшылардың көзінен таса қалмады. Танымал Financial Times британдық күнделікті газетінің журналисті Кристофер Миллер дипломаттың екі тараппен кездесудегі көңіл-күйі жер мен көктей болғанын жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бет-жүзің – жан дүниеңнің айнасы демекші, журналист Уиткоффтың Украина және Ресей шенеуніктерімен жүздесуін салыстыра отырып, қызық жайтқа назар аударған.

«Стив Уиткофф Майамиде Украина тарапымен отырғанда: сақал-мұрты алынбаған, үсті-басы алқам-салқам. Қабағы қатулы, көзге тіке қараудан қашқақтап, езу тартпады. Ал Кремльдегі көрініс мүлде басқа. Уиткофф мұнтаздай таза қырынған, тісі ақсиып күлімдеп, әңгімеге бар зейінімен кіріскен. Тіпті Путинге Мәскеудің ғажап қала екенін айтып, шаһарды аралап, серуендеп қайтқанын мақтанышпен жеткізді», — деп жазды ол.

Стив Уиткофф Украина делегациясымен Майамиде 2025 жылдың 30 қараша күні кездесуі

Стив Уиткофф Ресей делегациясымен Мәскеуде 2025 жылдың 2 желтоқсан күні кездесуі

Дегенмен, дипломаттың жылы жүзі келіссөзді жеңілдете қоймаған сыңайлы. 2 желтоқсанында Мәскеуде өткен кездесу нәтижесіз аяқталды. Трамптың шабарманы мен Ресей басшысының әңгімесі аттай 5 сағатқа созылғанымен, тараптар нақты мәмілеге келе алмады.

Кремль кездесуді «сындарлы әрі пайдалы» деп бағалағанымен, әңгіменің ауыр өткенін жасырмады. Басты кедергі – аумақтық мәселелер. Мәскеу өз шарттарынан бас тартпайтынын кесіп айтса, Вашингтон ұсынған жоспардың кейбір тұстары ғана азды-көпті жарайды деп қабылданып, қалғаны кері қайтарылған.

Бейбіт жоспарды талқылау жалғасады, бірақ тараптардың ұстанымы әзірге екі жағалауда тұрғандай алшақ.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий