Путинді Қазақстанға әскер кіргізуге шақырған әйел Павлодарда ұсталды

Путинді Қазақстанға әскер кіргізуге шақырған әйел Павлодарда ұсталды
Фото: Бейнеден кадр

Әлеуметтік желіде қазақтарды қорлап, Ресей президенті Владимир Путинді Қазақстанға әскер кіргізуге шақырған әйел ұсталды, деп жазады Politico.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Екібастұз тұрғынының видеосы тараған. Онда әйел өзін Мұхамеджанова Ольга ретінде таныстырып, қазақтарға тіл тигізіп, Ресей Қазақстанның қалаларын өзіне «қайтарып алады» деген пікір айтқан.

Осы жағдайға байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) редакциямыздың сауалына жауап берді.

«28 қазанда Павлодар қаласында прокуратураның үйлестіруімен ҰҚК органдары сепаратистік сипаттағы бейнежазба жариялады деген күдікке ілінген жергілікті тұрғынды ұстады», деп хабарлады комитет.

ҰҚК мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

«Ол бұған дейін есірткі заттарын сатқаны үшін сотталған. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды», деп мәлімдеді ҰҚК.

Әйелдің мәлімдемесіне қатысты әлеуметтік желіде қызу пікірталас жүріп жатыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу