Қанатбек Жайсаңбаев маңызды қызметке тағайындалды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қанатбек Жайсаңбаев жаңа қызметке кірісіп, Қазақстан Халық кеңесі төрағасының орынбасары әрі хатшылық басшысы болды, деп хабарлайды Politico.kz.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанатбек Бақытұлы Жайсанбаев Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары – Қазақстан Халық Кеңесі Хатшылығының басшысы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды", — делінген Ақорданың хабарламасында.
Қанатбек Бақытұлы ЖАЙСАҢБАЕВ – 1980 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша, ал Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетін экономика және бизнес бакалавры дәрежесімен тәмамдаған.
Еңбек жолын туған қаласында оқытушы болып бастаған Жайсаңбаев түрлі жылдары Қызылорда облысы әкімдігінде, сот жүйесінде және Төтенше жағдайлар министрлігінде басшылық қызметтер атқарған. Сондай-ақ жеке секторда да заңгер ретінде тәжірибе жинақтап үлгерген.
Ол 2016 жылдан бастап Президент Әкімшілігінде жауапты лауазымдарға тағайындалды. Онда мемлекеттік инспектордан бастап Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісіне дейін көтерілген. Ал осы тағайындауға дейін Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімін басқарып келген еді.
Қанатбек Жайсаңбаев мемлекеттік қызметтегі еңбегі үшін "Құрмет" және "Парасат" ордендерімен марапатталған. Үйленген, үш бала тәрбиелеп отыр.
Соңғы жаңалықтар