Қарағандыда дәмхана жарылып, екі адам мерт болды
Қарағанды облысында жол бойындағы дәмханада газ баллоны жарылып, екі адам қаза тапты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жарылыс бір қабатты ғимаратта болған және соққының қуатынан шамамен 200 шаршы метр аумақтағы шатыр мен қабырғалар опырылып түскен. Өрт 300 шаршы метр аумақты шарпыған, тілсіз жау дер кезінде ауыздықталды.
Құтқарушылар үйінділерді аршып, зардап шеккендерді іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алдын ала болжам бойынша, апатқа қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылуы — дәмхана ішінде газ жүйелері мен тұрмыстық баллондарды дұрыс пайдаланбау себеп болған.
Ресми мәліметке сәйкес, жарылыстан екі адам оқиға орнында көз жұмды, тағы 11 адам түрлі жарақат алып, жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетуде. Оқиға орнында өрттің қайта тұтануына жол бермеу және жағдайды анықтау бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.
Соңғы жаңалықтар