Қарағандыда пойыз төрт жұмысшыны басып кетті
Мойынты–Шығанақ учаскесінің Шешенқара–Қаражанғыл аралығында ірі теміржол апаты орын алды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Алдын ала мәлімет бойынша, бағыт бойымен келе жатқан жүк пойызының машинисі жолда жүрген теміржол жұмысшыларын байқап қалып, дереу шұғыл тежеу қолданған. Сол уақытта Сарышаған станциясының жол жөндеу бригадасы рельсті ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіп жатқан.
Оқиға туралы таратылған ақпаратта былай делінген:
«Алайда қабылданған барлық қауіпсіздік шараларына қарамастан, апатты болдырмау мүмкін болмады. Төрт жұмысшы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды».
Апаттың себебін анықтау үшін ҚТЖ Басқарма төрағасының тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамына ұлттық компанияның бас инженері, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС өкілдері және Магистральдық желі дирекциясының басшылары кірді. Комиссия мүшелері дереу оқиға орнына барып, тергеу жұмыстарын бастап кеткен.
Компания қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты. Ресми хабарламада:
«Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы қаза тапқан қызметкерлердің отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады» деп жазылған.
---
Соңғы жаңалықтар