Қарағандылық әйел қабірден анасының емес, басқа адамның мәйітін тапты

30.06.2026 11:12 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қарағандылық әйел қабірден анасының емес, басқа адамның мәйітін тапты
288
Фото: Бейнеден алынған скрин

Қарағанды облысында 2 жылға созылған қабір дауына нүкте қойылып, эксгумация нәтижесінде бейітте шын мәнінде кім жерленгені нақты анықталды, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Айгүл Жәміленова осыдан 1,5 жыл бұрын анасын жерлеп, басына бірден ескерткіш орната алмағандықтан сол орынды есінде сақтап қалған. Алайда келесі жылы зиратқа барғанда дәл сол жерде мүлде басқа адамға қойылған құлпытасты көріп, мән-жайды анықтау үшін сотқа жүгінеді.

Екінші отбасы бұл орында өздерінің туысы жатқанына сенімді болып, бейітті қазуға қарсы шыққан. Бастапқыда сот сараптамадан бас тартқанымен, кейін облыстық соттың рұқсатымен мамыр айында мәйіт қазып алынып, ДНҚ зерттеуі жүргізілді.

Сараптама қорытындысы қабірдегі адамның Айгүлге ешқандай туыстық қатысы жоқ екенін, ал генетикалық деректер екінші отбасы мүшелерімен толық сәйкес келетінін дәлелдеді. Енді Айгүл анасының нақты қайда жерленгенін білмей отыр, ал екінші тарап моральдық және материалдық шығын өндіру үшін сотқа арызданбақ.

"Уәкілетті органның атына жерлеу қағидаларының сақталуын және жерлеу орындарын күзетуді тиісінше бақыламағаны үшін жеке ұйғарым шығарылып, апелляциялық алқаның қарауы нәтижесінде бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды", — деді Қарағанды облыстық сотының судьясы Динара Мутубаева.

Войдите, чтобы оставить комментарий