Соңғы 7 жылда Қазақстанда 1342 мектеп салынды

05.10.2026 • 14:44 Қарақат АСЫЛОВА
Соңғы 7 жылда Қазақстанда 1342 мектеп салынды
102
Фото: gov.kz

Қазақстанда соңғы 7 жылда 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынған. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай өткен салтанатты іс-шарада айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекет басшысының сөзінше, қазір елде 4 миллионнан астам оқушы бар. Яғни Қазақстанның әрбір бесінші азаматы мектепте білім алып жүр.

«Биыл тағы 101 мектеп салынып жатыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында білім беру мекемелерінің жаңа стандарты қалыптасты. Соның арқасында заманауи инфрақұрылымы бар, балалардың сапалы білім алып, дамуына барлық жағдай жасалған оқу ордалары бой көтеруде. Бүгінде 460 мың оқушыға арналған осындай 217 мектеп салынды. Сол мектептердің 84-і, яғни 40 пайызға жуығы ауылдық жерде орналасқан», – деді Тоқаев.

Президент ауыл мен қала мектептері балаларға бірдей сапалы білім беруге тиіс екенін айтып, орта мектептерге жасанды интеллектке негізделген арнайы сабақтарды жаппай енгізу бағдарламасы іске асырылып жатқанын жеткізді.

«Бұл – өте маңызды жұмыс. Үкімет осы мәселеге баса мән беруге тиіс. Жалпы, аймақтарда мектеп тапшылығы мәселесі болмауы керек. Өйткені тағы да қайталап айтамын, бұл – мемлекеттің болашағына әсер ететін өте маңызды фактор. Үкімет осы мәселені де әрдайым назарда ұстауы қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың пікірінше, озық елдің қуаты табиғи байлығымен емес, ең алдымен адам капиталының сапасымен өлшенеді. Мемлекеттің әлемдегі орны мен экономикалық мүмкіндігі де қоғамдағы білім мен ғылымның деңгейіне байланысты.

Ол жас ұрпақ дамыған мемлекетте, қауіпсіз ортада және өркениетті қоғамда өмір сүруі керек екенін атап өтіп, осы мақсатта жүргізілген реформаларға тоқталды.

«Осы мақсатпен біз баршаға бірдей мүмкіндік беретін, Әділетті, Күшті, Таза және Озық Қазақстанды құру ісін қолға алдық, ауқымды реформаларды жүзеге асырдық. Халқымыздың темірқазығы, елімізді тарихи өрлеу дәуіріне бастаған негізгі құжат – Конституцияны қабылдадық. Конституцияда тұңғыш рет оқу-ағарту жүйесін дамытуға ықпал ететін нақты нормалар көрініс тапты. Атап айтқанда, адам капиталын, білім-ғылымды және инновацияны дамыту мемлекеттің міндеті, стратегиялық бағыты ретінде бекітілді. Түптеп келгенде, бұл – заман талабы», – деді Президент.

Мемлекет басшысы билік жүйесіндегі өзгерістерді де атап өтті.

«Елімізде бір палаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы өтті. Үкіметтің жаңа құрамы жасақталды. Вице-Президент тағайындалды. Жаңа мемлекеттік орган – Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылды. Жақында Қазақстан Халық Кеңесі өз жұмысын бастады. Осылайша, біз бір ұлт болып еліміздің даму бағдарын айқындаған маңызды әрі іргелі жұмысты табысты атқардық», – деді ол.

Бұған дейін Тоқаевтың мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтағанын хабарлаған едік.

Войдите, чтобы оставить комментарий