Тоқаев мұғалімдікке бет бұрған жастардың көбейгенін жақсылыққа балады

05.10.2026 • 14:51 Қанат АЙБАР
Тоқаев мұғалімдікке бет бұрған жастардың көбейгенін жақсылыққа балады
102
Фото: Ақорда

Қазақстанда мұғалім болғысы келетін жастар көбейіп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Ұстаздар күніне орай өткен салтанатты іс-шарада мұны жақсы үрдіс деп бағалады, деп хабарлайды Politico.kz.

«Биыл 12 мыңнан астам түлек, соның ішінде екі мыңнан аса «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығы бойынша мемлекет грантына ие болды. Мұғалімдік жолын таңдаған студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейді. Жаңа оқу жылы қарсаңында аймақтарда 15 мыңнан астам мұғалім жұмысқа қабылданды. Олардың жартысына жуығы – жас мамандар. Бұл – мектептерге білімді, жігерлі, ұшқыр ойлы мұғалімдердің жаңа буыны келіп жатыр деген сөз», – деді Президент.

Тоқаев тәжірибелі ұстаздар еңбек жолын енді бастаған мұғалімдерге көмектесуге тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, осылайша жас мамандар өз ісінің шебері болып қалыптасып, ұстаздар арасында кәсіби сабақтастық дәстүрі орнығады.

Мемлекет басшысы оқу-ағарту саласының кадрлық әлеуетін күшейту қажет екенін атап өтті.

«Білікті мұғалімді мықты мемлекеттің тұғыры деп айтсақ, артық болмайды. Бұл тұрғыдан алғанда, еліміздің жоғары оқу орындары айрықша рөл атқарады. Себебі университет қабырғасында болашақ маманның кәсіби білімі мен дағдысы қалыптасады», – деді ол.

Президент білім мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың да маңызды екенін айтты. Шетелге сапарлары кезінде әлемнің озық оқу орындарымен байланыс орнатуға айрықша назар аударатынын жеткізді.

Тоқаев цифрлық өркениет пен білім экономикасы дәуірінде өмір сүріп, өнегелі істермен айналысатын азаматтар буынын тәрбиелеу міндеті тұрғанын атап өтті. Осыған байланысты оның тапсырмасымен жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне жоспарлы түрде енгізу басталған.

«Дұрыс пайдалана білсе, жаңа технология мұғалімдердің қызметін әлдеқайда жеңілдетеді, оларды артық жұмыстан босататын сенімді құралға айналады. Тәлімгерлікке ден қойып, оқушылармен тікелей жұмыс істеуі үшін ұстаздардың уақыты болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, биыл қыркүйекте Оқу-ағарту министрлігі білім беру саласында жасанды интеллектіні қолдану стандартын бекіткен. Соның аясында қаладағы да, шалғай ауылдағы да мектептер озық әдістемелер мен цифрлық платформаларға қол жеткізеді.

«Бастама жақсы. Жұмыс дұрыс бағытта жүріп жатыр. Халықаралық PISA-2025 зерттеуінің нәтижесі бойынша мектептеріміздің цифрлық дайындық деңгейі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің орташа көрсеткішінен асты. Оқушылардың когнитивті бейімделу индексі орташадан жоғарылады. Алайда бұл жолдың басы ғана, тоқмейілсуге себеп емес. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Осы жетістікпен тоқтап қалуға болмайды», – деді Тоқаев.

Бұған дейін Президент Қазақстанда соңғы жеті жылда 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынғанын айтқан еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий