Тоқаев жастарды ақпарат тасқынынан қорғайтын жалғыз қалқанды атады

05.10.2026 • 15:00 Қарақат АСЫЛОВА
Тоқаев жастарды ақпарат тасқынынан қорғайтын жалғыз қалқанды атады
93
Фото: magnific.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев технология қарқынды дамыған заманда кітап оқудың маңызын арттыру қажет екенін айтты. Ақордада Ұстаздар күніне орай өткен салтанатты іс-шарада ол өскелең ұрпақты кітапқа баулуға бүкіл қоғам атсалысуы керек екенін атап өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

«Халқымыздың асыл перзенті Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген тамаша сөзі бар. Кітап білімпаздыққа, жанашырлыққа, парасаттылыққа, еңбекқорлыққа баулиды. Кітап оқу – азаматтарды, әсіресе, жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтап қалатын рухани қалқан», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы биыл мамырда «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғанын еске салды. Осы міндетті жүзеге асыру үшін Үкімет жыл соңына дейін тиісті тұжырымдама қабылдайды.

Президент өткен аптада Астанада жасанды интеллект тақырыбына арналған ірі іс-шаралар өткеніне де тоқталды. Олардың қатарында AI & Digital Bridge – 2026 форумы және белгілі мамандар мен сарапшылар қатысқан Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысы бар.

«Осы отырыста Қазақстанның аса маңызды салада мол табысқа жеткені аталып өтті. Бірақ бұл жайбарақат отыруға болады деген сөз емес. Себебі жасанды интеллект пен жаңа технологиялар өте жоғары қарқынмен дамып жатыр. Бұл – уақыт талабы», – деді Президент.

Тоқаев елордада алғаш рет өткен Astana AI Film фестивалін де атап, оны озық инновациялық іс-шара деп бағалады.

«Өйткені дәл осы өте өзекті және маңызды шара аясында Астана қаласында әлемде алғаш рет жасанды интеллектінің кино өнеріндегі көрінісі пайда болды. Басқаша айтсақ, аталған фестиваль бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі кино өндірісінің өзектілігі азая бастағанын көрсетті. Енді фильм түсірумен айналысатын мамандар шенеуніктердің, демеушілердің және продюсерлердің қолдауына тәуелді болмай, өз бетімен толыққанды кино туындысын шығара алады», – деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, Астанадағы бұл фестивальге әлем жұртшылығы айрықша назар аударған.

Бұған дейін Тоқаев мұғалімдік мамандықты таңдаған жастардың көбейгенін жақсы үрдіс деп бағалаған еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий