Қаракемерде үш жасөспірімнің өлімі: бопсалау ісі сотқа жолданды

Қаракемерде үш жасөспірімнің өлімі: бопсалау ісі сотқа жолданды
Фото: Бейнеден кадр

Жамбыл облысы Қордай ауданының Қаракемер ауылында үш жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсауына байланысты тергеу аяқталды. Прокуратура олардың қазасы мектеп оқушылары арасындағы бопсалаумен байланысты деп отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Жамбыл облысы прокуратурасының хабарлауынша, тергеу ауыл мектептеріндегі оқушылар арасында «Система» деп аталатын бейресми құрылым болғанын анықтаған. Оның өз тәртібі, бағыну және жазалау ережелері болған.

Прокуратура жиналған дәлелдер бопсалау мен үш кәмелетке толмағанның қазасы арасында себеп-салдарлық байланыс барын көрсететінін мәлімдеді.

Іс бойынша екі күдіктіге қорқытып алу және өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу баптарымен айып тағылып, олар қамауға алынған. Тағы бес күдіктінің әрекеті қорқытып алу бабы бойынша сараланып, оларға басқа бұлтартпау шаралары қолданылған.

Прокуратура бейресми құрылымның қызметі тоқтатылғанын хабарлады. Қылмысқа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою жөнінде құзырлы органдарға енгізілген ұсыныстар қаралып жатыр.

Еске салайық, сәуірде Қаракемер ауылында тоғызыншы сыныпта оқитын екі ұлдың мәйіті қорадан табылған еді.

Қылмыстық іс 23 қазанда Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу