«Қылтима, жеделсаты, субұрқақ»: Тоқаев кейбір қазақша аудармалардың қажеттілігіне күмән келтірді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліндегі кейбір сөздердің қисынсыз аударылуы мен қолданылуына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Президенттің айтуынша, жалпы алғанда қазақ тілі басқа іргелес елдердің тілдерімен салыстырғанда әлдеқайда таза сақталған. Сондай-ақ уақыт өте келе тілдік қорымыз сәтті әрі мағыналы атаулармен байып келеді.
«Мысалы, бұрын өте сирек пайдаланған немесе мүлде пайдаланбаған «тұжырымдама, қағидат, жоспар, сыйақы, шәкіртақы, еңбек өтілі, кешенді, әмбебап, жүйелі, тыңайтқыш, жанармай, көгалдандыру, босқын, қырғи-қабақ соғыс, қоқан-лоқы, лаңкестік, есірткі, бітімгерлік күштер, мәмілегер, ғарыш, зымыран, жаһан, ғаламтор, тікұшақ, жасанды сана, пайыз, сынып» сияқты сөздер тілімізде кең қолданыс тапты. Бұл – жақсы дүние», – деді мемлекет басшысы.
Дегенмен, Қасым-Жомарт Тоқаев кез келген үдерістің шегі болуы тиіс екенін ескертті. Мемлекет басшысы тілге күштеп енгізілген кейбір сәтсіз баламалардың орындылығына күмән келтірді:
«Бірақ әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек. Мысалы, «күйсандық (пианино), қылтима (балкон), субұрқақ (фонтан), себезгі (душ), қырыққабат (капуста), үнқағаз (газет), жеделсаты (лифт), желкөз (форточка)» және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты», - деп атап өтті президент.
Сонымен қатар, президент соңғы кездері төл діни ұғымдарымыз бен көне сөздердің орнына араб сөздерін жиі қолдану белең алып бара жатқанын атап өтіп, бұл үрдістің де орындылығы күмәнді екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы көтерілген мәселелердің аса өзекті екенін айта келе, бұл бағытта кәсіби ғалымдар салмақты тұжырымдарын ұсынуы керектігін баса айтты. Тіл саласын жүйелеу үшін заманауи тетіктерді енгізу қажет.
«Тіл ғылымына қатысты әмбебап, бәріне қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеу маңызды. Бұл міндетті мемлекеттік деңгейде сапалы орындау үшін құрамына кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен жалпы қоғам өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобын құрған жөн деп санаймын. Жұмыс тобының қызметін үйлестіру президент әкімшілігіне жүктеледі», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Соңғы жаңалықтар