«Небір операцияларды өткердік»: Төреғали Төреәлінің жары қызының емі туралы жан сырын ақтарды
Танымал әнші Төреғали Төреәлінің жұбайы Толқын Тұрарбекқызы желідегі парақшасында үлкен қызы Кәусардың оңалту шаралары мен қазіргі жағдайы жайлы айтып, жүрекжарды жазба қалдырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта Кәусардың жаттығу кестесі барынша күшейтілген: түске дейін 2 сағат емдік дене шынықтыру (ЛФК), одан кейін 2 сағат логопед-дефектолог маманымен жұмыс және кешке тағы 2 сағат ЛФК жаттығулары өткізіледі.
«Кәусарым шаршағанын айтады. Бірақ бұл тоқтайтын жер емес деп қамшылаймын. Айтуын айтып алып, іштей қиналатыным бар. Мақсатқа жету жолы оңай болмайды... Бірге күйіп, пісіп өртеніп, жанып кететіндей-ақ жол. Ішіңде жалындап тұрған нық сенім мен үмітің болмаса, шайнап жұтып дымыңды қалдырмайтын жол. Себебі ана балаға келгенде өте әлсіз. Ал оның қиналғанын көру, сезу, бірге өткеру тіптен ауыр», — деп ағынан жарылды ол.
Сонымен қатар Толқын Тұрарбекқызы қызына төрт айдан кейін қайтадан ауыр ем-шара — диспорт екпесі тағайындалғанын жеткізді. Ол процедура алдында баланың сағын сындырып алмас үшін оған жігер беріп, психологиялық қолдау көрсететінін атап өтті:
«Біз екеуміз қай соғыстан бері келе жатырмыз деймін. Небір операцияларды өткердік. Енді қандай қару бар, барлығын сайлап, уколдарымызды да салдыртайық деймін. Сен деген қайтпас қызсың ғой қайсар. Жеңілмейік деп қоям... Біздің әңгімелердің сарыны ғой, мен елжіресем, қызым қоса елжірейтінін біліп тауып айтқаным ғой».
Анасы баласының денсаулығы түзеліп, «Алла бұйыртса жүгіріп кетеді» деген үлкен үмітпен оңалту жұмыстарын үздіксіз жалғастырып жатқанын білдірді.
Соңғы жаңалықтар