Қарапайым қазақ қызы БҰҰ жиынында жастарды қылмысқа тарту мәселесін көтерді
Біріккен Араб Әмірліктерінде БҰҰ-ның Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі 15-конгресі болып жатыр. 26 қыркүйек пен 1 қазан аралығында өтетін жиынға 119 елдің өкілдері қатысуда.
Олардың қатарында 40-тан астам әділет министрі және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар бар.
Абу-Дабиге барлығы 5100-ден астам адам жиналған. Олардың қатарында үкімет өкілдері, азаматтық қоғам мүшелері, ғылыми орта мен жеке сектор өкілдері бар. Бағдарламада пленарлық отырыстар, семинар-тренингтер, параллель іс-шаралар мен көрмелер жоспарланған.
Politico.kz тілшісі осы халықаралық форумға қатысып, спикер болған Назарбаев университетінің студенті Айым Алматаевамен сұхбаттасты.
– Айым, сәлеметсіз бе! Алдымен, өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
Менің аты-жөнім - Айым Алматаева, 21 жастамын. Алматы қаласында туып-өстім. Биыл, 2026 жылдың шілде айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Саясаттану» мамандығы бойынша тәмамдадым. Қазір Астанадағы Назарбаев Университетінің Graduate School of Public Policy мектебінде Master in Public Policy бағдарламасында магистратурада білім алып жатырмын.
.png)
Фото: Айым Алматаеваның жеке архивінен
Жалпы, мені мемлекеттік саясат, жастар саясаты, білім беру, әлеуметтік мәселелер және зерттеу салалары қызықтырады. Университетте оқумен қатар әртүрлі зерттеу жобаларына, халықаралық бағдарламалар мен конференцияларға қатысуға тырысамын. Мен үшін оқу тек диплом алу емес, алған білімімді нақты қоғамдық мәселелерді шешуге қолдану маңызды.
– Сіз спикер болған Абу-Дабидегі БҰҰ конференциясы туралы толық айтып берсеңіз? Бұл қандай конференция? Сіз оған қалай шақырылдыңыз?
Бұл – Абу-Дабиде өткен БҰҰ-ның Қылмыстың алдын алу және қылмыстық әділеттілік жөніндегі 15-ші конгресі. Оның аясында ЕҚЫҰ ұйымдастырған “Promoting whole-of-society responses to preventing youth recruitment into organized crime”, яғни жастардың ұйымдасқан қылмысқа тартылуының алдын алуға арналған арнайы іс-шара өтті. Мен осы іс-шараға Қазақстан атынан жастардың көзқарасын жеткізетін спикер ретінде шақырылдым.

Фото: Айым Алматаеваның жеке архивінен
Негізі, бұл мүмкіндік бірден келген жоқ. 2025 жылы мен Ыстықкөлде өткен ЕҚЫҰ-ның Орталық Азия жастарына арналған “Youth for Prevention of Organized Crime and Corruption” форумына қатыстым. Оған Орталық Азиядан 800-ден астам өтінім түсіп, 23 жас іріктеліп алынған болатын.
Сол форум барысында біздің команда жастардың, соның ішінде кәмелетке толмағандардың қылмыстық әрекеттерге, әсіресе есірткі таратуға тартылуы мәселесін зерттеп, алдын алу бойынша жоба дайындады. Кейін мен ЕҚЫҰ-ның Youth Crime Prevention Team аясында Қазақстандағы жастарды әлеуметтік желілер арқылы қылмыстық әрекеттерге тарту тақырыбында зерттеу жүргіздім.
Осы жұмыстың жалғасы ретінде мені Абу-Дабидегі БҰҰ конгресіне спикер ретінде шақырды. Бастапқыда офлайн қатысып, Абу-Дабиге баруым жоспарланған еді. Алайда университеттегі оқуым мен емтихандарымның уақыты сәйкес келіп қалғандықтан, бара алмадым. Соған қарамастан ұйымдастырушылар онлайн қатысу мүмкіндігін беріп, панельде Қазақстан мен Орталық Азиядағы жағдай туралы баяндадым.
Менің негізгі тақырыбым – қылмыстық желілердің жастарды әлеуметтік желілер арқылы қалай тартатыны және технологияны керісінше осындай қылмыстардың алдын алу үшін қалай пайдалануға болатыны болды.
– Конференцияда Youth Crime, яғни жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстар туралы талқыланған екен. Бұл тұрғыда Қазақстандағы жағдайды қалай бағалайсыз?
Менің ойымша, Қазақстан үшін ең өзекті мәселелердің бірі – қылмыстың цифрлық ортаға ауысуы. Қазір жасөспірімді қылмыстық ортаға тарту үшін онымен көшеде кездесу міндетті емес. Алғашқы байланыс әлеуметтік желіде, мессенджерде немесе жұмыс іздеуге арналған онлайн-платформада басталуы мүмкін.
Фото: threads.com/@aiymalm
Біз зерттеу барысында әлеуметтік желілерді, Telegram сияқты платформаларды, түрлі онлайн хабарландыруларды қарастырдық. Кей жағдайларда заңсыз жұмыс кәдімгі «курьерлік жұмыс» ретінде ұсынылады. Жас адамға жоғары табыс, икемді жұмыс кестесі, тәжірибенің қажет еместігі сияқты тартымды ұсыныстар жасалады. Кейін оның атқаратын жұмысының есірткі тарату немесе басқа заңсыз қызметпен байланысты екені белгілі болуы мүмкін.
Ең алаңдататыны – мұндай тәуекелге кәмелетке толмаған балалардың да ұшырауы. Сондықтан мәселені тек «жастар неге қылмыс жасайды?» деген сұрақпен шектеуге болмайды. «Оларды кім, қай жерде, қандай тәсілдермен және қандай осал тұстарын пайдаланып тартып жатыр?» деген сұрақтарды да зерттеуіміз керек.
– Қазақстандық жастар мен жасөспірімдер көбіне қандай қылмыстарға барады? Оның себебі неде деп ойлайсыз?
Менің зерттеуіме қатысты айтатын болсам, біз әсіресе жастарды есірткі таратуға курьер немесе «закладчик» ретінде тарту мәселесіне назар аудардық. Мұнда кей жағдайда 14 жастан бастап жасөспірімдердің де тәуекел тобына түсетінін көруге болады.
Оның бір ғана себебі жоқ. Біріншіден, қаржылық мотивация бар. Жасөспірімге қысқа уақытта көп ақша табу мүмкіндігі өте тартымды болып көрінуі мүмкін. Екіншіден, әлеуметтік желілерде қылмыстық әрекет кейде романтизацияланып немесе ойын сияқты көрсетіледі. «Тапсырма орындау», «миссия», «жеңіл ақша» деген формат арқылы оның шынайы салдары көмескіленеді.
Үшіншіден, ақпараттың жетіспеуі маңызды. Кейбір жасөспірімдер бір қарағанда қарапайым болып көрінетін әрекеттің қаншалықты ауыр құқықтық салдары болуы мүмкін екенін толық түсінбеуі мүмкін.
Сондықтан алдын алу жұмысы тек жазалаудан тұрмауы керек деп ойлаймын. Мектептердегі түсіндіру жұмысы, цифрлық сауаттылық, ата-аналармен жұмыс, жастардың өздері қатысатын ақпараттық кампаниялар және әлеуметтік желілердегі алдын алу контенті қатар жүруі қажет.
– Конференцияда басқа қандай өзекті тақырыптар талқыланды?
Панель аясында жастарды ұйымдасқан қылмысқа тартудың цифрлық әдістері, әлеуметтік желілердің рөлі, онлайн және офлайн рекрутингтің байланысы, технологияны алдын алу мақсатында пайдалану, жасанды интеллект мүмкіндіктері, counter-narratives және youth-led prevention сияқты бағыттар талқыланды.
– Сіз бұл конференциядан қандай тәжірибе алдыңыз?
Мен үшін ең маңызды тәжірибелердің бірі – Қазақстандағы мәселенің тек біздің елге ғана тән емес екенін түсіну болды. Панельде басқа елдердің өкілдері де өз тәжірибелерімен бөлісті. Әдістер мен контекст әртүрлі болғанымен, жастарды интернет арқылы манипуляциялау, оларға «жеңіл ақша» ұсыну сияқты механизмдер көптеген мемлекеттерде кездеседі.
Сонымен қатар бұл мен үшін үлкен кәсіби тәжірибе болды. Өзің жүргізген зерттеудің нәтижесін халықаралық деңгейде таныстырып, Қазақстан мен Орталық Азияның перспективасын БҰҰ алаңында жеткізу – үлкен жауапкершілік. Бұл маған зерттеудің тек академиялық жұмыс емес, нақты саясат пен алдын алу шараларына үлес қоса алатынын көрсетті.
– Осы орайда ағылшын тілі сізге қандай мүмкіндіктер берді?
Ағылшын тілі мен үшін жай ғана пән емес, көптеген мүмкіндіктерге жол ашқан құрал болды деп айта аламын. Өзімнің IELTS баллым қазірде 7.5
Біріншіден, ағылшын тілінің арқасында қазір Назарбаев Университетінде ағылшын тілінде магистратурада оқып жатырмын. Бакалавриат кезінде Польшадағы University of Warsaw университетінде академиялық мобильдік бағдарламасы бойынша бір семестр білім алдым.
Сонымен қатар ағылшын тілі халықаралық конференциялар мен бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік берді. Мысалы, ЕҚЫҰ бағдарламаларына, БҰҰ-мен байланысты халықаралық іс-шараларға қатысып, әртүрлі елдердің мамандарымен жұмыс істеуге мүмкіндік алдым.
Фото: Айым Алматаеваның жеке архивінен
Кәсіби тұрғыдан да ағылшын тілінің пайдасы өте үлкен болды. Мен АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығының саяси-экономикалық бөлімінде тағылымдамадан өттім, халықаралық және зерттеу жобаларында жұмыс істедім.
Сондықтан ағылшын тілін үйрену мен үшін тек IELTS балын алу емес. Ол білім алуға, жұмыс істеуге, саяхаттауға, халықаралық ортаға шығуға және өз елің туралы әлемдік деңгейде айтуға мүмкіндік беретін құрал.
– Сіздің ойыңызша, шетелде оқу не үшін керек? Шетелде оқимын деген жастарға қандай кеңес бересіз?
Меніңше, шетелде оқудың ең үлкен артықшылығы – тек басқа университеттің дипломын алу емес, басқа академиялық және мәдени ортаға түсіп, дүниеге деген көзқарасыңды кеңейту.
Мен Польшада оқыған кезде әртүрлі мемлекеттерден келген студенттермен бірге білім алдым. Бір мәселенің өзіне әр елден келген адамдардың мүлдем басқа көзқараспен қарайтынын көресің. Сонымен қатар өз бетіңше өмір сүру, жаңа ортаға бейімделу, жауапкершілік алу сияқты дағдылар қалыптасады.
Ал шетелге оқуға түскісі келетін жастарға айтарым – тек GPA мен ағылшын тілінің балымен шектелмеңіздер. Әрине, жақсы академиялық көрсеткіш пен IELTS өте маңызды. Бірақ қазір мықты университеттер адамның сабақтан тыс уақытта не істегеніне де қарайды.
Сондықтан университеттің алғашқы курсынан бастап тағылымдамаларға, волонтерлікке, зерттеу жобаларына, конференцияларға, студенттік ұйымдарға қатысып, өзіңізді қызықтыратын саланы табуға тырысқан дұрыс. Ең бастысы – сертификат жинау үшін емес, белгілі бір бағытта тәжірибе қалыптастыру.
Тағы бір кеңесім – мүмкіндікке өзіңізді толық дайын сезінбесеңіз де өтінім беруден қорықпау. Кейде біз өзімізді алдын ала шектеп қоямыз. Ал өтінім бермесеңіз – мүмкіндік нөлге тең, берсеңіз – мүмкіндік бар.
– Отбасыңыз туралы айтып берсеңіз, олар сізді қалай қолдайды?
Біздің отбасында үш баламыз, мен – кенжесімін. Ағам және әпкем бар. Ата-анам әрқашан бізге қолдау көрсетіп, әсіресе білімге көп көңіл бөлді.
Кішкентай кезімізден «білімге салынған инвестиция ешқашан жоғалмайды» деген түсінікпен өстік деп айта аламын. Сондықтан қандай да бір курсқа қатысқым келсе, тіл үйренгім келсе немесе біліміме байланысты мүмкіндік болса, ата-анам ешқашан қарсы болған емес.
Менің қазіргі жетістіктеріме жету жолында отбасымның қолдауы өте үлкен рөл атқарады. Өйткені кез келген жетістіктің артында адамның өз еңбегімен қатар оған сенетін және қиын кезде қолдайтын адамдар да тұрады.
– Алдағы арманыңыз қандай?
Менің ең үлкен мақсатым – өз саламда мықты кәсіби маман болу. Қазір мемлекеттік саясат саласында білім алып жатырмын, сондықтан болашақта сапалы халықаралық білім мен тәжірибе жинап, оны Қазақстанның дамуына қолданғым келеді.
Фото: Айым Алматаеваның жеке архивінен
Мен үшін шетелге шығу немесе халықаралық деңгейде жұмыс істеу түпкі мақсат емес. Керісінше, әлемдегі жақсы тәжірибені үйреніп, зерттеу мен білім жинап, кейін оны өз еліміздің жағдайына бейімдеп қолдану маңызды.
Алдағы уақытта мемлекеттік саясат саласында кәсіби деңгейімді көтеріп, сапалы зерттеулер жүргізіп, нақты шешімдер қабылдауға үлес қоса алатын маман болғым келеді. Қай жерде білім алсам да, қандай халықаралық тәжірибе жинасам да, түпкі мақсатымның бірі – сол білім мен мүмкіндіктерді Қазақстанды дамытуға пайдалану.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Соңғы жаңалықтар