Flydubai ұшағындағы төтенше жағдайдың мән-жайы белгілі болды

30.09.2026 • 15:32 Мөлдір ҚАЙНАР
Flydubai ұшағындағы төтенше жағдайдың мән-жайы белгілі болды
117
Фото: видеодан скриншот

Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai әуе компаниясының шұғыл қонған ұшағының салонынан алғашқы фотолар тарап, оқиғаның жаңа нұсқалары пайда болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Желіде тараған кадрларда киіміне қанға ұқсас дақтар жұққан ер адам байқалады.

Әңгіме FZ1073 рейсі туралы болып отыр. Әуе кемесі ұшу кезінде әуелі жалпы төтенше жағдайды білдіретін «7700» кодын, ал сәлден соң борты басып алынғанын көрсететін «7500» сигналын берген еді. Бортта шамамен 180 жолаушы болған. Қауіп сигналынан кейін Израиль әуеге жойғыш ұшақтарын көтерді, ал лайнер бағытын өзгертіп, Сауд Арабиясының солтүстік-батысындағы Табук әуежайына сәтті қонды. Барлық жолаушылардың аман екені хабарланды.

Ұшақ қонғаннан кейін Израиль премьер-министрінің кеңсесі бұл оқиғаны «ұшақты басып алу» деп есептемейтінін мәлімдеді.

Reuters агенттігінің израильдік шенеунікке сілтеме жасап хабарлауынша, төтенше дабыл пилоттар арасындағы төбелестен (физикалық жанжалдан) кейін берілген болуы мүмкін. Алайда төбелестің неден шыққаны және 7500 сигналын ұшқыштардың бірі әдейі қосты ма, жоқ па — ол жағы нақтыланбады.

Оқиға куәгерлері лайнердің алдыңғы жағынан ащы айқай естілгенін және сол сәтте ұшақтың күрт төмен құлдилай бастағанын айтуда.

Ал Reuters таратқан тағы бір дерекке сәйкес, жолаушылардың бірінің анасы қызының сөзіне сүйене отырып, бір ер адамның пышақ алып, ұшқышты еденге жыққанын және кабинада қан көп болғанын жеткізген. Желіге тараған суреттерде де үсті-басы қанға ұқсас даққа малынған, ақ футболка киген ер адам көрінеді. Сондай-ақ жолаушылардың шыңғырған дауысы естілетін бейнежазбалар да тарауда, бірақ оның дәл осы рейсте түсірілгені әзірге ресми расталған жоқ. Оқиғаның нақты себебін анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий